Тарихты түгендеген тұлға
Тынышбек Дайрабайдың есімі республика көлемінде әдебиет пен мәдениетте, журналистика саласында құрметпен аталады. Өмірін шығармашылыққа, ізденіске арнаған қаламгер Сыр бойынан шыққан би-шешендерді, батыр-жыраулардың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнаған.
Сырбойылық қаламгер еңбек жолында аудандық газеттің редакторы, «Қараөзек» кеңшарының партком хатшысы, Тереңөзек аудандық партком бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сонымен қатар халықаралық «Түркістан» газетінде жемісті еңбек етіп, өзінің ғылыми, тарихи-танымдық сараптамалық мақалаларын республикалық газет-журналдарға жариялап, ел тарихын түгендеуге айрықша үлес қосты.
Зерттеуші ұзақ жылғы ізденісінің арқасында көптеген кітаптың авторы атанды. Атап айтқанда, «Тоғанас батыр», «Қаңлы Жүсіп», «Кете Шөмекей шежіресі», «Тереңөзек», «Тұғыры биік тұлға», «Қорқыт Ата» энциклопедиясы, «Төребай», «Кете Жүсіп», «Дүр Оңғар», «Мұзарап ақын», «Сырдың сырлы сыры», «Түркістан альбомы», «Ақын Қуаныш Баймағамбетов», «Сырдария ауданының шежіресі», «Сыр перзенттері», «Билер сөзі – киелі», «Жеті тараудағы – жеті анық» еңбектерін жазып шықты.
Жалағаш ауданының Жаңаталап совхозында кіндік қаны тамған Тереңөзектің төл перзенті болып кеткен ардақты азамат Алматы шаһарында тұрғанымен, өсіп-өнген Сыр елінен ажыраған емес. Қай кезде де жақсы мен қайғыға ортақтасып, сырттай тілеулес болып жүретін Тынышбек ағаның туған жеріне деген ықыласы, перзенттік пейілі, сағынышы ешқашан ортайған емес.
Қимылы шалт, бастаған ісіне тыңғылықты қарайтын Тынышбек ағаны қай кезде көрсеңіз де, әңгімелессеңіз де алдына қойған мақсаты мен зерттеу еңбегі бар екенін айтады. Тумысынан тарихшы, ата-баба тегін зерттеп, білуге деген құмарлығы оның тектілігін білдірсе керек. Өлкетанушы, этнограф, ғалым, зерттеуші қазақ халқына ортақ ақын-жырауларды да зерделеуіне үлкен үлес қосып келеді. Осынау «инемен құдық қазғандай» қиын да, жауапкершілігі зор, төзімділікті қажет ететін зерттеушілік қасиетінің арқасында білігі мен тәжірибесі байыды.
– Тынышбек Майлыбайұлы Сыр еліне ғана емес, есімі республикаға танымал ғалым, этнограф. Қаламгердің ауданға еңбегі сіңді. Аудандық газетке басшылық жасады. Көптеген зерттеулерін басылымда жариялады. Қазір жасы сексенге келсе де еліме әлі де пайдам тисін деген ниетпен қалам-қағазын сайлап, іздеген қажет деректерін табу үшін кітапхана немесе мұрағатқа көп баратынын білеміз. Уақытпен санаспай ізденеді. Қазақ жақсы, жайсаң азаматтарға қарата «сүйегі асыл кісі» дейді ғой. Сүйегі асыл, бойы тіп-тік, қимылы да ширақ ағамыз сол асылдылығын алтыннан қымбат қазыналарды жарыққа шығаруға, тарихтың тәлімі мен тағылымын зерделеуге арнап келеді. Тағы бір ерекшелігі, үлкенмен де, кішімен де қауқылдасып, жөн сұрасып, әңгімесі жараса кетеді. Өзін барлық ортада еркін, құдды бір жастықтың жалыны шарпып, азаматтықтың арыны бет қаратпай Тереңөзекте жүргендей жайлы сезінеді, – дейді белгілі журналист, газеттің бұрынғы редакторы Сәуле Ерімбет.
Шығармашылық ізденісті өмірлік серік еткен қаламгер жастайынан шежірелі ауыл қарттарының аталы, баталы, ұлағатты сөздеріне, жыр, терме, шежірелеріне қанып сусындап өседі. Бұл қасиеті оны шежіре жазуға деген шеберлігін шыңдайды. Елге еңбегі сіңген Тынышбек Дайрабай талай мәрте бір атаның, бір рудың, қала берді бүтін қазақ шежіресінің түгенделуіне лайықты үлес қосты. Ол елімізге белгілі үлкен ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаев, Сыр өңірінің шежіре жинаушылары Үбісұлтан Қайнарбаев, Әлімбай Әлиасқаров, Камал Бердәулетов сынды білікті шежірешілердің ісін одан әрі лайықты жалғастыра білді.
Қайраткер тұлғаның өмірбаянына зер салсақ, қарапайым ауыл баласы болып өскен болашақ қаламгер Жалағаш өңіріне белгілі «Бекбергеннің бес баласы» деп танылған бес ағайынды кісінің ұрпағы. Аталары болып келетін танымал кісілердің қай-қайсысы да өнерге жақын, сөзге шешен, шежіреге аса жетік беделді болған. Аталарының ізімен жүрген Тынышбек Майлыбайұлы да өнерге құштар болды. Бозбала шағында еңбек жолын ауыл клубында киномеханик болудан бастады. Бірақ арманы – журналист болу еді. Соның жетегімен КазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі.
Әдепкіде Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болады. Кейін сауатты, тілге жүйрік, іске икемді азамат билікке де араласып, біршама жыл Тереңөзек аудандық атқару комитеті төрағасы қызметіне жоғарылап, әлеуметтік саланың көркеюіне еңбек сіңіреді. Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін шаруашылықта істеуді жөн көріп, партком хатшысы атанады. Кеңес жұмысына да белсене араласады. Мамандығы журналист болғандықтан, «Еңбек туына» редактор болып, қайта оралады. Тынышбек ағамыздың қаламының ізі қалған, 85 жылға жуық тарихы бар редакцияда оның есімі құрметпен аталады.
Бүгінде Тынышбек Дайрабайдың Алматы қаласына қоныс аударғанына да көп жылдың жүзі болды. Мұнда ұзақ жылдар халықаралық «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі болып, жемісті еңбек етті. Түрлі тақырыпқа, оның ішінде рухани құндылық мәселелеріне үзбей қалам тартып келеді. Осы ұжымда еңбек ете жүріп, «Құрмет» орденінің иегері атанғанын ел біледі.
Зерттеуші, қаламгер, тарихшы Тынышбек Дайрабай – 80 жылдық өмір жолында қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ғалым ретінде 1998 жылы Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 100 жылдық мерейтойын өткізуге ұйытқы болып, баяндама жасады. Қорқыт атаның рухани мұрасына, Жалаңтөс, Жанқожа батырлардың ерлігіне арналған конференцияларды жоғары деңгейде өткізуге белсене қатысты. Сондай-ақ, атақты жырау Дүр Оңғардың, Төребай бидің 150 жылдық, Бұқарбай батырдың 180 жылдық, Баймұрат батыр, Тұрсынбай датқаның 230, Қазақ хандығының 500 жылдығы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойларына арналған, халықаралық, республикалық, облыстық конференциялардың лайықты өтуіне де атсалысты.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қорқыт ата атындағы Қы-зылорда университетінің құрметті профессоры, Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі Тынышбек Дайрабай – өзінің қажырлы еңбегі, маңдай тері арқылы міне, осындай жоғары дәрежелі атақтарға ие болған тұлға.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ