Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауыл кеші көңілді

Ауыл кеші көңілді

Тыңнан түрен салып, жер­гілікті халықтың кө­ңілінен шығу оңай емес. Дегенмен, берекесі тасыған ау­ыл­дың кеші көңілді бо­­ла­­тыны рас. С.Сейфуллин ау­ылдық клуб үйінің ұйым­дастыруымен ауыл тұрғындары ара­сында «Кaraoke battle» бай­қауы өткі­зіл­ді.

Байқау ұйымдас­тырылған мезетте біздің ойымызға кәсі­би деңгейі жоғары әншілер келе­тіні жасырын емес. Бұл жолы сәкен­дік әуесқой әншілер өзара сайысқа түсті. Жиналған көпшілік ішінен 8 қаты­сушы іріктеліп шығып, жанды дауыс­та ән шырқады. Олардың өнеріне аудандық мәдениет үйінің ди­ректорының орынбасары Азиз Садықов, Сәкен Сейфуллин округі әкім­­дігі аппаратының маманы Света Қорғанбекқызы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Балтабай Ордабеков әділ бағасын берді.

Жұп бойынша ән шырқаған қа­тысу­шылардың үздік орындағаны келе­сі ке­зеңге жолдама алып отырды. Ауыл өнер­паздары қатарында Динара Абай, Әсем Құлтанбаева, Ырсал­ды Қобландина, Гүлмира Бисенбаева, Жанель Ақпанбетова, Торғын Әміртемір, Гүлнұр Мұқашова, Бағила Құдайбергенова болды. Бірнеше әнді на­қы­­шына келтіріп орындаған Ырсал­ды Қобландина финалда Бағила Құдайбергеновадан басым түсіп, «Кaraoke battle» байқауының же­ңім­пазы атанды. Айта кетейік, Ырсалды Қоб­ландинаның негізгі ма­ман­дығы бала­лар дәрігері екен.

Көңілді кеш барысында лоторея ойыны да ұйымдастырылып, белсенді түрде қатысқан ауыл тұр­ғындарына бағалы сыйлықтар үй­лестірілді.

– Біз ауыл тұрғындарының көңіл-күйін көтеру мақсатында ерекше кештер ұйымдастыруға күш салып келеміз. Ауыл әкімінің қол­дауымен бүгін «Кaraoke battle» іс-шарасын ашық аспан астында өт­кізіп отырмыз. Жер­гілікті халықтың талғам үдесінен шығу мақсатында шы­ғармашылық жұмыстарды да­мы­тамыз. Бұл ретте, кеш барысында де­меушілік көр­сеткен «Серікбол» сауда үйі мен «Making» фастфуд орталығының ұжы­­мына алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да осы тектес іс-шараларды өткізетін боламыз. Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету және мәдени-көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру, оған ауыл халқын қатыстыру, – дейді С.Сейфуллин ауылдық клуб үйінің дирек­торы Дастан Палмахов.

Айта кетейік, көпшілік көңілінен шыққан кеш соңында ауыл өнерпаздары ән шырқап, тұрғындар шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.

«ТТ» ақпарат
01 тамыз 2023 ж. 611 0