Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайдарманда ауылдың әзілдері

Жайдарманда ауылдың әзілдері

Сәкен Сейфуллин ауылында мектеп оқушылары арасында «Ауылым­ның әзілдері» тақырыбында жайдарман сайысы өтті. Сәкен Сейфуллин ауылы әкімдігінің қолдауымен, ауылдық клубтың ұйым­дастыруымен жүзеге асқан әзілкештер сайысында 4 команда бақ сынады.

Жайдарман ойындарының ашылуында ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев сөз сөйлеп, ойын­шы­ларға сәттілік тіледі.

– Берекесі тасыған біздің ауылымыздан талантты, дарынды жастар көптеп шығуда. Білім мен өнерді ұштастыра білген кез келген өренге барынша бағыт-бағдар берген дұрыс. Болашақ ауылымыздың атын шығаратын өскелең ұрпақ тәрбиелей алғанда мерейіміз асқақтай түседі. Ал бүгінгі жайдарман ойынында қатысушы топтар өткір әзілімен көпшілік көңілінен шығады деп сенеміз, – деді ауыл әкімі.

Өз кезегінде мектеп оқушыларынан құралған «Сыр ұландары», «Алты ару», «Шіркін-ай», «Сә­кен Sity» тобы «Сәлемдесу» сайысында ауыл мен қоғам өмірінен, мектеп тынысынан алынған әзілдерін ұсынды. Сонымен бірге «Жамбы ату» сайысында әрбір топтың жетекшісі 5 әзіл оқып, өзара даралана түсті. Аталған ойынға аудандық мәдениет үйінің режисері Әділ Ерғали, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков, ауыл әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Серікбол Мұратбек, ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Дастан Палмахов төрелік етті.

– Ауылдық клуб үйі балалардың шығарма­шылығын дамытуға баса назар аударып келеді. Біз мектеп оқушыларының шығармашылық әле­уетін саралап, жан-жақты бағыт-бағдар беріп оты­рамыз. Бірнеше күн дайындық жүргізіп, өнер­лі балғындарды жайдарманға баулып жатырмыз. Алдағы уақытта аудандық, облыстық жайдарман сайысында бақ сынау үшін Сәкен Сейфуллин ауы­­лынан арнайы топ жасақталатын болады. Өз кезегінде бүгінгі сайысты өткізуге демеушілік жасаған ауыл әкімдігіне, мектеп және «Сейфуллин Жер» ЖШС ұжымына ерекше алғыс айтамыз, – деді ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Дас­тан Палмахов.

Өз кезегінде көңілді кештің шырайын қонақ ретінде шақырылған «Треңград», «№210 орта мектеп», «Элита» тобы келтірді. Сайыс қоры­тындысында жүлделі ІІІ орынды «Шіркін-ай», ІІ орынды «Сәкен Sity», І орынды «Алты ару», бас жүлдені «Сыр ұландары» иеленді. Барлық жеңімпаз және жүлдегер топқа қаржылай сый­лық табысталды.

«Тт» ақпарат
18 сәуір 2023 ж. 229 0