Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сағынып жеткен ауыл кеші көңілді

Сағынып жеткен ауыл кеші көңілді

Ауылға қарай жөйткіп келе жатқан автобус ішінде отырған екі студент ту­ған жердің топыра­ғына табан тіремек. Қалада білім алып жүрген Дәулет өзінің досына ауылының тұмса табиға­тын таныс­тырып келеді. Бұл кө­рініс әр кеші көңілді болатын ауылдың тыныс-тірші­лігін баяндайтын «Ауылға барам» фильм концертінің баста­луынан алынған болатын. Мұны аудандық мә­де­ниет үйі ұйым­дас­тырды.

Ауыл өмірін бейнелейтін іс-шарада қо­йылым мен бейнекөрініс, ән мен би ерекше үйлесім тапты. Мамыражай, керемет сәтті сахналаған барлық өнерпаз өз образына сай таңдап алынған. Мәселен, ауы­­лына сағынышпен оралған Дәулет досына әрбір кейіпкерді кезекпен таныстырып отырады. Таңнан бас­тап көлігінен түспейтін Азиз ауылдың бар шаруасын атқарады. Кейде «Шофер» әнін шырқап, қасындағы серігіне ерекше көңіл-күй сыйлауға тырысты. Сонымен бірге өткен ғасырдың соңғы жылдарындағы көше бойына жиналып су таситын көлікті күтетін көршілер естеріңізде болар?! Дәл осы көріністе су таситын көлікті тізгін­деген Әбіш «Су тасушы қыз» әнімен көп­шілік жүрегін жаулап алды. Әрине, ауылды мал шаруашылығынсыз елес­тету мүмкін емес. Сол маңайға есімі бел­гілі жылқышы Руслан келіншегімен «Жыл­қышы» әнін нақышына келтіре орындады. Атал­ған көріністі ауданның жас отбасы Жан­дос пен Гүлжанат сәтті сахналап шықты.

Ежелден қазақ халқы қонақ­жайлы­ғымен танылған. Көреген­ді ақсақал Әбдірайым ауылға келген жас жігітті қо­нақ­қа шақырып, сыбағасын қазанға салдырды. Қазақы үйдегі дастархан басындағы жып-жылы көрініске «Бір шәугім шай» әнімен Нұрбол Тұранов айрықша сән берді. Салт-дәстүрді дәріп­теген қазақтың тойы сахнада жарасым тапты. Жергілікті тұрғындардың ақ тілегімен Ғани мен Нұргүлдің некесі қиылып, жастарға мәдениет саласының ардагері Сансызбай Сәдуақасұлы ақ бата­сын берді. Әдет-ғұрыппен санас­қан ауыл адамдары келіннің бе­тін ашып, той иесіне көрімдігін үлестірді. Ал асаба Әділ жиналған жұрт­шылықпен ойын ойнатып, арнайы сыйлық ұсын­ды. Бұл фильм концертте Әділ Ерғалидың еңбегі ерекше екенін айта кеткен жөн.

Өнерпаздар сазгер Шәмші Қалдаяқов­тың әндерін назардан тыс қал­дырған емес. Сонымен бірге тың­дарман қауымның зор үдесінен шыққан «Қызыл раушан» әнін Ержан Жүнісов, «Дүнген қыз» әнін Дархан Разақов, Жандос Сансызбаев, Азиз Садықов, «Жайлаукөл кештерін» әншілер блогы айтқан болатын.

Кешқұрым уақыт жергілікті халық клуб жанына жиналуда. Себебі, ерекше концерт бастау алмақ. Дәулет досына өзі туып өскен жердің концерті қалай өтетіндігін көрсетпек ниетте. Кеш барысында «Балауса» халықтық би ансамблі «Шаттық» биін орындады. Өз кезегінде Нұрбол Тұранов, Дархан Разақов, Азиз Садықов «Шынарым», Динара Жәкешова «Сүйемін» әнін шырқаған болатын. Ең қызығы, жастар кешкілік басқосу өткізіп, жігіт қызына сөз айтты. Көңілді отырысты «Сағындым сені» әнімен Абылай Байділдаев, «Гүлдің жүрегі» мен «Адам боп жаралған соң...» әнімен «Сырдария» квартеті жандандыра түсті.

Иә, ауылдың бір күні аудандық мә­дениет үйінің сахнасында керемет көрініс тапты. Әрине, «Ел іші-өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек-ті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 қараша 2022 ж. 390 0