Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жанды дауыс жан жадыратар

Жанды дауыс жан жадыратар

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, ән айтуға икемі­міз келе қоймаса да мектеп қабырғасындағы іс-шараларда ән шырқайтынбыз. Мерекелік іс-шара болсын, салтанатты жиын болсын, белгіленген «мектеп әншілері» әр лездеменің сәнін келтіретін. Көпшілік көзінше ән айтуға ұялғаныммен, мұғалімнің тапсырмасымен бірнеше рет мектеп сахнасының төрінде ән шырқау «бақыты» маған да бұйырған.

Сонда деймін де, дауысты алдын ала жазып алу деген болмайтын. Бәрі жанды дауыс­та ән шырқайтын нағыз әншілер еді. Орындалатын әннің әуенін кішкентай үнтаспаға жаздыратынымыз рас. Бірақ, дауысты жаздырып, аузын өтірік жыбырлатып, көрерменді алдау деген болмайтын. Керісінше, дауыс­ты жазып алса, қобалжып, ұялып, қарадан-қарап сас­қалақтайтын «әншілер» болатын. Оның үстіне ән сабағынан дәріс беретін Марат ағай мен Үміт апай кез келген әніңді баянмен сүйе­мел­дейтін. Кейіннен Тимур ағайымыз бұл жұ­мыс­ты мүлтіксіз атқарды. Бұл кісілер қазіргі таң­да да үздік шәкірттер тәрбиелеп, аудан атын­ рес­публика көлемінде әуелетіп жүрген жайы бар.

Айтайын дегеніміз, қазір фонограммамен «әнші» атағын иеленіп, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүргендер көп. Тіпті, танымал әншілердің басым көпшілігі фонограммасыз ән айта алмауы мүмкін. Жасанды жазбаға сеніп алғаны сондай, өз репертуарындағы әннің сөзін білмей, ұятқа қалып жататын тұс­тар да кездескен. Әншінің қимыл-әрекеті мен жазылған дауыстың бір-біріне сәйкеспей, ән­шісымағын ұятқа қалдырған кездер де жиі ұшырасады. Бір жағынан, «фонограммаға да жазылатын әншінің өз даусы ғой» деп әнші­лерді ақтауға болады. Бірақ таспаға алдын ала жазылған дауыс көлемді өңдеуден өтеді. Кәнігі мамандар артық-кемін техниканың көмегімен орнықтырып, даусы жоқ адамның өзін әнші қып шығарады. Бұл – техниканың жетістігі. Бірақ, жанды дауыстағы әнді аңсап, нағыз талантқа шөліркейтін – халық.

«Пәнәграммамен ән айтқан кәнсертке барсам, сүтсіз шай ішкендей боламын» деп еді бір апам. Сол айтпақшы, әншісі Алтайдың ар жағына даусы жетіп, әуелете ән салса, қандай жақсы. Естір құлақ та, көрген көз де ақысын алып, тыңдарман жүрегіне жол табар еді. Ең бастысы, жасандылықсыз, бәрі шынайы.

Мәдениет және өнер адамдарына қатысты заңның сахна мәдениетіне орайғы тұсына тү­зетулер енгізілген болатын. Сонымен қатар фонограмма мәселесін бақылау да басты мәселе ретінде қаралған. Егер әнші фонограммамен ән айтатын болса, оны халыққа ескерту қажет. Бұл туралы билетте жазылу керек. Концерттің бағасы да соған сай болу қажет. «Жанды дауыс­та ән айта аламын, жеке концертте тірі әнмен халықтың шөлін қандыру мүмкін болғанымен, мерекелік концерттер мен телевизиялық жобаларда бұл қымбатқа түседі» деп жазыпты көпшілік кәсіби әншілер аталған мәселе төңі­регінде.

Қазіргі таңда балабақшадағы балалардан бастап дауысты алдын ала жазып алып, ауызды жыбырлатып, көрерменін алдауға үйренген. Қарап тұрсақ, ең оңай жолы. Дауысты алдын ала өңдейді, жазады, бала көптің көзінше еш қысылмастан «өтірік ән айтады». Біздіңше, бұл баланы кішкентай кезінен өтірікке, халық­ты алдауға үйрету, «өтірік өнерге» баулу. Әйтпесе, бәрі шынайы болса керек-ті. Одан қалса, той-томалақта да сол. Әсіресе, бүгінгі бірінен-бірі асқан шоу-тойлар – нағыз «өтірік өнердің» ортасы. Ұзатылар қыздың сыңсу әні де фонограммамен айтылып жатады.

Одан бұрын кәсіби әншілердің «жасанды әнінен» халық әбден шаршағандай. Неге де­сеңіз, жанды дауыстағы ән кештеріне сұраныс өте жоғары болады. Тіпті, билет бағасы қымбат болса да. Фонограммадан толық бас тартпаса да жанды дауысты таңдайтын әншілер мен әнші топтар бар. Бірақ айтарлықтай көп емес. Бір әншіге бір жарым сағат бойы концертте жанды дауыста ән шырқау оңай емес әрине. Бірақ, нағыз өнер солай бағаланады, халықтың да ыстық, шынайы ықыласына бөленеді.

Былайынша, дамыған технология, яғни оның ішінде фонограмма да шоу жасау үшін тиімді дүние. Бірақ нағыз өнерді сөз еткенде, оны жасандылық деп қараймыз. «Қисық арба жол бұзады» дейді халық даналығы. Халықтың сонау ғасырлардан мәдени мұрасына айналған өнер саф алтындай таза болуы керек. «Әу де­мейтін қазақ жоқ» дейді, ал біздіңше нағыз өнер ол шынайы болуы керек. «Ән көңілдің ажары». Әнмен бірге сәніңнің жарасары сөзсіз. Бірақ нағыз жанды дауыстағы ән ғана шөліркеген көңілді сусындатып, көңілдің құрыс-тырысын жазатынындай, жалған дауыстағы әннің де әсері жүрекке жетіп, көңілді желпіндіре қой­масы анық.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 шілде 2023 ж. 320 0