Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ащы термен келген тәтті жеңіс

Ащы термен келген тәтті жеңіс

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебі мен Те­реңөзек кенті мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұғыры биік тәуелсіздік» тақырыбында сал­танатты жиын өтті.

Мерекелік кештің шымылдығын мектеп жанынан құрылған «Жас толқын» театр­ үйірмесінің сахналық қойылымы ашты. Қа­зақ елінің бағына ақыл іздегенде табатын нысанасы, ар-абыройының арашасы, жа­у­ға алдырмас қорғаны бола білген азаматтар аз болмаған. Солардың ішінде Қазақ мем­лекетінің ішкі билігіне де, сыртқы саясатына да өлшеусіз еңбек сіңірген қаз дауысты Қазыбек би бар. Замана сынына тө­теп берген Қазыбек би дәуіріне биыл 355 жыл толды. Сахналық қойылымда жоңғар ха­ны­ның алдында дат айтқан Қазыбек бидің шешендігі, қаз дауысты Қазыбек атануы көрсетілді.

Мектеп директоры Света Сақтапова мектеп оқушыларын, барша ұстаздарды айтулы күнмен құттықтады.
– Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Ата-бабамыз аң­сап өткен Азаттыққа қол жеткізгенімі­зге 30 жылдан астам уақыт өтті. Талай жылғы дүрбелеңнен кейін жарқын болашақтың та­ңы атып, еркіндік есігін айқара ашты. Елі­міздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа қол созды. Өт­кенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмесі анық. Егемен еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! – деді мектеп директоры.

Салтанатты жиында республикалық, ау­дан­дық деңгейдегі арнайы дипломдар табыс етілді.  «Мектеп парламенті және өзін-өзі бас­қару» ұйымының президенті және минис­трлері ұлықталып, арнайы құжаттар табыс­талды.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылар өлеңдер оқып, көрермендерді тәнті етті. Сонымен бірге, осы іс-шарада мектептің 15 оқушысы республикалық бі­рың­ғай «Жас Ұлан» балалар мен жас­өспі­рім­­дер ұйымына қабылданды.

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген тердің, өлмеген жігердің оты­мен келген ұлы күн. Айтылған әсем ән, тартылған күй, мың бұралған биші қыздар­дың биі ел егемендігіне арналды.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, еге­мендігіміз баянды болсын!


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
16 желтоқсан 2022 ж. 253 0