Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұғыры биік Тәуелсіздік

Тұғыры биік Тәуелсіздік

Мереке қарсаңында керемет кештердің куәсі болудамыз. Күні кеше №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектеп ұжымы мен Сырдария аудандық Кент мәдениет үйі бірлесе отырып ұйымдастырған мерекелік іс-шараның құрметті қонағы болып қайттық.

Салтанатты жиын шымылдырығы мектеп оқушыларынан құрылған «Жас толқын» мектеп театр үйірмесінің «Бабалар сөзі» сахналық қойылымымен ашылды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні шырқалғаннан кейін сөз мектеп директоры Света Мұхтарқызына, мектепішілік ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Оспанұлына, ардагер ұстаз Салтанат Сансызбайқызына берілді.

– «Менің» деп меншіктеп айтар жерің мен елің болғаны қандай бақыт! Осы сөздің мәнінде қаншама тарих, қаншама бақыт жатыр, – деп толғанысын жасыра алмаған мектеп директоры қонақтарды төл мерекесімен құттықтады.

Ұзақ жыл мектеп қабырғасында қызмет қылып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Бақытжан ағайымыз келген қонақтарды ел егемендігімен құттықтаса, Салтанат апай ұрпақтар сабақтастығының жалғасып жатқанын тілге тиек етті.

Бір таң қалғанымыз мектеп оқушылары талантты әрі өнері екен. Бишілер мың бұрала би билесе, мектеп жанынан құрылған «Сырлы саз» халықтық ән-күй ансамблі көрерменді әсем әуен, сырлы сазға бөледі. «Сыр үміті» тобы «Тәуелсіз елім» әнін шырқаса, жекелеген орындаушылар да өз өнерлерін қалың қауымға паш етті.

Ерекше әсерлі, рухты іс-шараға жиналғандар көп болды. Кеш соңында мектеп директоры осындай жиынды ұйымдастырып, атсалысқан оқушылар мен жетекшілерді арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 желтоқсан 2021 ж. 315 0