Қос орталықтың жұмысы жолға қойылған
Білім мен мәдениетті ұштастыру арқылы өнерлі, дарынды, талантты жастарды тәрбиелеу – бүгінгі заманның талабы саналады. Ұлттың мәдениетін қалыптастыру – сахнадағы әрбір өнерпаздың шеберлігіне тікелей байланысты болмақ. Қай кезде де, мәдениеттің мәртебесін биіктетін кәсіби мамандар дайындаудың маңызы зор. Бұл ретте, өнерлі өрендерді барынша шыңдауда үйірме қызметіне иек артылатыны белгілі. Сондықтан үйірменің қызметін жандандырып, заманауи бағытта жұмысын үйлестіре білу керектігін көпшілік айқын сезіне білуде.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың пәрменімен елімізде «Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы» бағдарламасы қолданысқа енгізілген еді. Жаңа жобаның игілігін көру мақсатында көптеген мәдениет ошақтары жанынан шығармашылық, өнер, спорт орталықтары жұмысын бастады. Осыдан 1 жылдан аса уақыт бұрын аталған бағдарлама шеңберінде Сырдария ауданының 8 ауылында, яғни, Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, Шіркейлі, Нағи Ілиясов, Іңкәрдария, Ақжарма, Асқар Тоқмағамбетов елді мекендерін қамтитын «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы ашылған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде, шығармашылыққа бейім балалармен жұмыс жасау, олардың қабілетін шыңдау, өнерге, білімге баулу жақсы жолға қойылды. Қазіргі уақытта, орталықтағы 28 үйірмеде 425 бала тұрақты түрде дәріс алуда. Мәселен, Айдарлы ауылында «Эстрадалық вокал», «Шешендік өнер», «Прима» үйірмесі, «Бисермен өру», «Домбырамен ән салу», «Көркем оқу» «Ұлттық би», «Кескіндеме сурет салу» үйірмесі ашылған. Ал, Жетікөл ауылында «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесі, Бесарық ауылында «Ұлттық би», «Көркем оқу» үйірмесі, Шіркейлі ауылында «Домбырамен ән салу» үйірмесі, Ақжарма ауылында «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесінің тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен бірге Нағи Ілиясов ауылынан «Домбыра», «Ұлттық би», «Хормен ән салу», «Эстрадалық вокал» үйірмесі, Іңкәрдария ауылынан «Домбыра», «Көркем оқу», «Пернелі аспаптар», «Оркестр, ансамбль», «Ұлттық би» үйірмесі, Асқар Тоқмағамбетов ауылынан «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал», «Домбыра», «Кескіндеме және сурет салу» үйірмесі жұмыс жасауда.
– Негізінен, «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» екендігін жақсы білеміз. Жоғарыда тізбектелген үйірмелерді жүргізу үшін кәсіби мамандарды тарту – басты мақсатымызға айналды. Білікті ұстаздармен жан-жақты байланыс орнату арқылы «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының ұжымын қалыптастыра білдік. Білімнің, мәдениеттің негізгі қайнар көзін меңгерген ұстаздар қатарында Зағира Ахметова, Гүлжазира Асанова, Ләззат Бекарыстанова, Ақмарал Бегалы, Роза Дүрманова, Әсел Ибраева, Мақсұт Әбсадықов, Алмат Өтеуов, Әділбек Әзімжан, Әбдіқадыр Сарыбаев, Гүлназ Сералиева, Нұрсұлу Ажарова, Әнел Сансызбаева, Қожан Дайырханов, Ботакөз Қалиасқарова, Гүлмайра Босатханова, Айкерім Жұмабекова, Ақжан Сәкенова, Маржан Әшірапбаева, Ақтолқын Накипова, Әділхан Қуаңбаев, Аружан Әлішерова, Нұрила Кенесары, Шапағат Жарқынбек бар. Шын мәнінде, жұмыс бар жерде нәтиже болу керектегі – заңдылық. Ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі байқаулардан жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарынан көрінді. «Балалар жылы» аясында өткізілген аудандық іс-шараларда өнерпаздарымыз белсене өнер көрсетті, – дейді «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева.
Сырдария ауданына қарасты мәдениет ошақтарында үйірме жұмысы жан-жақты жүргізілген жағдайда балалар өнерге қызыға бастайды. «Art sport» бағдарламасын мақсатты түрде пайдалану арқылы алдағы уақытта бірнеше үйірме ашылғандығын барлық ата-ана қолдайды. Әрбір ауылдың, Тереңөзек кентінің негізгі жұмыс істеу бағытына қарай керекті үйірмелерді ашу – маңызды рөл ойнайды. Мысалы, Іңкәрдария ауылында соңғы жылдары би үйірмесі мүлдем болмаған. Негізінен, барлық мәдениет және клуб үйлерінің жанынан ашылған үйірмелер ауыл балаларының өнерге құштар болуына барлық жағдай жасауда. Мәселен, Жетікөл және Бесарық ауылында «Ұлттық би» үйірмесінің жұмысы жандана түсті. Өнер орталығы арнайы би маманын жұмысқа тарту арқылы ауылға керекті үйірмені ашуға мүмкіндік алған. Әрбір іс-шарада хор айтылса әрине артықтық етпейді. Барлығын ескере келіп, «Хор» үйірмесін ашуға бекінген. Дәстүрлі музыка ұлтымыздың құндылықтарының бірі саналады. Қазіргі уақытта дәстүрлі ән айтуға машықтанған ұжымның жастары да жеткілікті.
«Мемлекеттік спорттық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы» бағдарламасы шеңберінде спорт үйірмелерін ашуды қолға алынған болатын. Қазіргі таңда Нағи Ілиясов ауылының жастары тоғызқұмалақ, шахмат, дзюдо, қазақ күресі, таеквондо үйірмесінде жаттығады. «Аслан» спорт орталығының кәсіби мамандары жетістікке жету жолында аянбай еңбек етуде. Олардың қатарында Ардақ Алашбаев, Дастан Кеңесов, Әділет Қайратұлы, Аружан Темірғали бар. Байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінуде.
– Әрине, үйірме жұмысы сапалы әрі уақытылы жүру үшін арнайы бөлмелерді материалдық базамен жасақтау – күн тәртібінен түспейді. Ең алғаш жекелеген қиындықтарға қарамастан оқушыларға жайлы орта қалыптастыруға тырыстық. Осылайша, 8 ауылдағы үйірмелердің бөлмесін заманауи талапқа сай жасақтауға барымызды салдық. Өткен жылы Айдарлы, Шіркейлі, Іңкәрдария ауылына 25 дана домбыра және 1 дана баянға тапсырыс беріліп, уақытысында алынды. Сонымен қатар жыл көлемінде барлық үйірмеге қажетті құрал-жабдықтар реттілігімен қамтамасыз етілді. Әрбір үйірменің мазмұндылығына сай, көрнекілік тақта орнатылды. Парта, стол, би үйірмесіне лайықтандырылған баған, айна, тақтамен бірнеше ауыл жабдықталды. Ең бастысы, би үйірмесінің оқушыларына сан түрлі сахналық киімдер үйлестірілді. Атап айтқанда, Айдарлы ауылына 12 дана қазақ ұлтының киімі, 12 дана испан ұлтының киімі, Жетікөл ауылына 6 дана заманауи үлгідегі киім, Нағи Ілиясов ауылындағы домбырашыларымызға 10 ұлттық киім, хор айтушыларға арнайы формаға лайықтандырылған 12 киім тапсырыспен жасалды. Ата-аналармен бірлесе отырып, Ақжарма ауылының бишілеріне 12 дана қазақ ұлтының киімі, 12 дана орыс ұлтының киімі тіктіріліп берілді. Айта кетейік, Жетікөл ауылының бишілеріне 12 дана қазақ ұлтының киімін тіктіруге тапсырыс беріліп, толықтай алынды. «Шахмат» үйірмесінің арнайы кабинеті ашылды. Сурет үйірмесіне керекті құрал-жабдыққа оқушыларымыз қол жеткізді. Алдағы уақытта қаржылық мүмкіндіктерге байланысты барлық ауылда үйірмелер материалдық базамен жасақталатын болады. Жыл көлемінде балалардың жоғары деңгейдегі байқауларда бақ сынауы үшін біздің орталықтың тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп отырады. Өз кезегінде барлық ауыл әкімдеріне, жекелеген шаруашылық төрағаларына, мәдениет және клуб үйлерінің директорларына балаларға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз, – дейді Анар Қалдыбаева.
«Сұлу-ай» шығармашылық және «Аслан» спорт орталығы 2022 жылды табысты қорытындылады деп сеніммен айта аламыз. 2023 жылы ата-аналармен берік байланыс орнатып, жұмысты жандандыра бермек. Ұстаздар қауымы салиқалы, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянып қалмасы анық. Сапалы жұмыс жүргізу мақсатында қолға алынған жұмыстар сәтімен жүзеге аса берсін деген тілек бар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ