«Шахмат» үйірмесінің заманауи бөлмесі ашылды
«Тыңнан түрен салған» өміршең жобалардың елге тигізер пайдасы зор. Елімізде «Art sport» бағдарламасы қолданысқа енгізілгенде негізгі жұмысына күмәнмен қараған жандар аз болған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан бағдарлама шеңберінде Сырдария ауданында бірнеше шығармашылық және спорттық үйірме ашылған болатын. Қазіргі уақытта жекелеген үйірмелер ел кәдесіне жарап тұр. Осы ретте Нағи Ілиясов ауылында «Аслан» спорт орталығына қарасты «Шахмат» үйірмесінің бөлмесі ашылды.
Батыр ауылындағы №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектеп жанындағы «Шахмат» бөлмесінің ашылуына Нағи Ілиясов ауылының әкімі Сағдат Нұрмағанбетов, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Сұлтан Үсенов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Төребекұлы, «Аслан» спорт орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева, мекеме басшылары, еңбек ардагерлері, ата-аналар мен тұрғындар қатысты.
Ең алдымен, жиналған көпшілік, жаңадан жабдықталған бөлменің лентасын қиды. Өз кезегінде ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов сөз сөйлеп, құттықтау лебізін жеткізді.
– Біздің ауылымызда ерекше жаңалық орын алып отыр. «Аслан» спорт орталығының мамандары балаларға дәріс беріп, үздіктер қатарынан көрінуіне ықпал етуде. Сан түрлі деңгейдегі жарыстарға барған балаларымыз жүлдесіз қайтпайды. Бұған дейін спортшылар шағын жерде ойнап келсе, ендігі кезекте арнайы жабдықталған бөлмеде өзара шеберлік байқасатын болады. Баршаңызды қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деді ауыл әкімі.
«Аслан» спорт орталығына қарасты Нағи Ілиясов ауылында бүгінде 5 үйірме жұмыс жасайды. 100-ге жуық бала қатысатын «Шахмат» және «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жетекшілері – Ардақ Алашбаев пен Әділет Қайратов. Осы күні қос үйірмеге қатысушылар арасынан 2 ҚР спорт шеберлігіне үміткер шыққан.
– Қазіргі уақытта Нағи Ілиясов ауылында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы мен «Аслан» спорт орталығының бірнеше үйірмесі жұмыс жасап жатқанына бек қуаныштымыз. Аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева жетекшілік ететін қос орталықта, яғни, шығармашылық бағытта «Домбыра», «Ұлттық би», «Хормен ән салу», «Эстрадалық вокал» үйірмесінде ұстаздар шәкірт тәрбиелеп келеді. Ал спорт бағытында «Таеквондо», «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Дзюдо», «Қазақ күресі» үйірмесінде ауыл балалары барынша шынығуда. Аталған әрбір үйірменің ұстаздарының еңбегі ерекше. Ашылғанына 2 жылға жуық уақыт болған орталықтың жұмысы жақсы нәтижеге қол жеткізген. Әрбір үйірмеге қатысушының сахналық киімі тігілді. Сонымен бірге спорттық құрал-жабдықтар алынды. Бұның барлығы қыруар қаражатпен келетіні жасырын емес. Балалардың жаттығу залына 72 татами әкелінген. Осындай бөлмені жабдықтау үшін орталық тарапынан 2 жарым миллионға жуық қаражат жұмсалған. Аталған қаражаттың тиімді жұмсалуының арқасында балалар жемісін көретін болады. Үйірме жұмысына сәттілік тілейміз, – деді аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев.
Кеш барысында №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектептің директоры Ілияс Анафияев, ауыл тұрғындары Манат Оразбекқызы, Мәриямкүл Тәутенова, Кәмила Жүсіпова сөз сөйлеп, ақжарма тілегін жеткізді. Орталық құрылтайшысы Анар Қалдыбаева спорт үйірмелерінің жетекшілерін марапаттап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Бүгін көптен бері қолға алған ісіміздің нәтижесін көріп отырмыз. «Шахмат» үйірмесінің оқушыларына барынша жағдай жасалып, үлкен бөлмеге қол жеткізіліп отыр. Баланың болашағы үшін игілікті іске жұмыла білгеннен артық бақыт жоқ. Біз басқа ауылдан да, спорт үйірмесін ашуға жұмыс жасап жатырмыз. Еңбек етуден тынбайтын мамандарды қашанда қолдаймыз. Ата-аналардың тілегі мен сыни пікірі бірде қанаттандырса, бірде қызметімізді жани түседі. Сондықтан мамандарымызға ауызбіршілікпен еңбек етіп, үздік көрсеткішке қол жеткізейік деп айтудан жалықпаймын. Бұл ретте, республикадағы үздік ауылдан мықты спортшылар көптеп шығып жатса, құба-құп, – деді Анар Қалдыбаева.
Айта кейтейік, облысқа танымал жыршы Әділхан Қуаңбаев бірнеше жырымен тыңдарман қауымды серпілтіп тастады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Төребекұлы ақ батасын берді. Балғын спортшыларға балмұздақ таратылды. Аға буын өкілдері дәстүр сабақтастығын жалғастырып, шашу шашты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ