Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Қыс ханшайымы

Тереңөзек кенті мәдениет үйінде «Қыс ханшайымы – 2023» арулар байқауы өтті. Аудандық білім бөлімінің ұйытқы болып, кент мә­дениет үйінің ұйымдасты­руымен жоғары деңгейде өткен көңіл­ді іс-шараға аудан орталығындағы төрт мектептің жоғарғы сыныбынан арулар қатысты.

Қыс мезгілінің кереметін көрсетіп, тазалық пен өзін­ше сұлулыққа толы мезгілді насихаттаған са­йыс қыз балаларды шығармашылыққа тәрбиелеуді мақ­сат етті. Тартысты өткен сайысқа білім бөлімінің және мәдениет саласының мамандары әділ қазылық етіп, төрелік жасады. Сайыс соңында қыздардың дайындығы, сахна мәдениетін сақтауы, өзін-өзі ұс­тауы секілді негізгі критерийлер ескеріле отырып, әділ шешім шығарылды.

Байқауда төрт ару бақ сынады. «Қыс аруы» сайы­сы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін бейнебаян арқылы таныстырды. Қыздар өз қиялдарын жетілдіре отырып, көрініс, би, слайд қо­сып өздерінің қандай қызығушылықтары бар екенін көрсетті.

Екінші кезең «Қазақ эстрада әншілерін сомдау» деп аталды. Онда қатысушылар эстраданың жа­рық жұлдыздары Мақпал Жүнісова, Серік Ибрагимов, Қайрат Нұртас секілді әншілерге пародия жасап, өз өнерлерін паш етті.

Үшінші кезеңде сән үлгісіне кезек берілді. Са­йыс қатысушылары қыс ханшайымын бейнелейтін киім­дерді өз қолдарымен тігіп шыққандарын айтты. Сайыстың жоғары деңгейде өткеніне залдағы көрер­меннің ыстық ықыласы куә. Әр мектеп өз аруларына жанкүйерлік етіп, жастардың көңілді кеші одан әрі жалғас тапты. Одан бөлек жанкүйерлер арасында ойындар ұйымдастырылып, оза шапқан көрерменге де сыйлықтар табысталды.

Көп ұзатпай, сайыс қорытындысын қазылар ал­қасы жария­лады. Ол бойынша төртінші орынды №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп лицейдің намысын қорғаған Әмина Абзал­қызы иеленді. Үшінші орынға биязылығымен көзге түскен №131 Т.Қозыбаев атындағы мектеп оқушысы Гүлім Сәкенқызы ие болды. Екінші орын ерекше қойы­лыммен көрермен көз­айымына айналған №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектеп оқушысы Нұрай Жақсылыққа бұйырды. Ал «Қыс ханшайымы – 2023» атағын №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейден қатысқан Шаһизада Сәбитқызы жеңіп алды.

– Бүгінгі байқау өте жақсы өтті деп бағалай аламыз. Оқушылардың көңілді, позитивті энергиясы бізге демалыс сыйлады. Байқауға аудан орталығындағы төрт мектептің бір-бір аруы қатысып отыр. Ешкім жүлдесіз қалмайды. Бірақ сайыс болған соң көптің ішінен ең үздігін анықтадық. Қазылар алқасының пікірлерін ескере отырып, ортақ ұпай сандарымен шешім шығардық, – деді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғ.Бақтиярова.

Өз кезегінде қазылар алқасы көңілді өткен са­йыс туралы өз пікірлері мен сын-ескертпелерін ортаға салды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қаңтар 2023 ж. 552 0