Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орманшы-инспектор

Орманшы-инспектор

Елімізде табиғаттың байлығы – орманды көздің қарашығындай қорғайтын мамандар бар. Олар адамзаттың тіршілігіне дем беретін, табиғат байлығы саналатын орманды күтіп-баптау, оны қорғау, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді негізгі міндеті деп біледі. Сол міндет үдесінен шығып, табиғаттың тынысын бақылап, қорғап жүрген орманшы инспектор Мейрамбек Тасберген сала жұмысына өз үлесін қосып келеді.

Туған жер табиғатын қорғау басты міндеті саналатын орманшы-инспектор соңғы 16 жылдан бері Тереңөзек кенті бойынша мемлекет қорындағы 23000 гектар алқапқа жауапты.

Орманды күтіп-баптау, ағаш отырғызу – оңай іс емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Осындай жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген Мейрамбек Жұмабекұлының еңбегі – табиғатқа деген жанашырлықтың үлгісі. Сонымен қатар инспектор бөлінген жерді қорғау, молайту, тиімді пайдалану және көктем, күз айларында өрттің алдын алуды қадағалайды.

– Бұрын әртүрлі жұмысты атқарып келдім. «Ер азаматқа екі қолға бір жұмыс» дегендей, жолаушы тасымалымен де айналыстым. Соңғы 16 жылдан бері орман шаруашылығына келдім. Бұрын орманшылардың жағдайы жақсы емес еді. Қазір мүлдем басқаша, орманшылардың жалақысы көтерілді, жағдайы жасалды. Қиындық артта қалып, қазір қолдау бар, техникамыз да жарамды, бірнеше түрі бар. Негізгі міндетіме келсем, орманды заңсыз ағаш кесуден қорғау. Дегенмен елді мекендерге табиғи газдың келуімен орманды алқаптағы жасыл ағаштар көбейгенін де айту керек. Сонымен қатар орман тұқымын дайындау, көшет ағаштарын өсіру, орманды өрттен қорғау, орман тәртібін бұзушылықтардың түрлерінен қорғау, орманды зиянкестер мен аурулардан қорғау жұмыстарын жүргіземіз, – дейді орманшы инспектор.

Еңбек жолында Мейрамбек Тасберген өз ісіне адалдықпен қарап, табиғатты қорғау жолында аянбай еңбек етуде. Оның орманшы инспектор ретіндегі еңбегі ерекше құрметке лайық. Табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі арқылы жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Осындай еңбекқор азаматтардың арқасында еліміздің орманы көркейіп, табиғат байлығы сақталуда.

Дана халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөз бар. Ұлы дала төсінде жайқалған әсем табиғаттың өзі – ұлттың киелі қазынасы, баға жетпес байлығы.

«Бүгінгі бүкіл жаһанды алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы орасан зор. Елімізде тал егу, табиғатты тосын қатерден қорғау, орман шаруашылығына, соның ішінде орманды алқаптарды ұлғайту мәселелеріне баса назар аударылып, әрдайым басымдық беріліп келеді» дейді орманшы инспектор. Жылдың төрт мезгілінде болатын ауа райының қолайсыздығына қарамастан табиғаттың осынау керемет сыйын көзінің қарашығындай қорғап жүрген орманшылардың еңбегі өлшеусіз.

Аудан бойынша 23263361 гектар орман қоры жері бар. Оның 180 мыңнам гектар жері орманмен көмкерілген. Бірнеше айналымға бөлінген жерді қорғау, молайту, тиімді пайдалану және өрттің алдын алуға мекемедегі қызметкерлер жауапты. Орманды қорғау үшін арнайы өртке қарсы қызмет тобы құрылып, арнайы техникамен жабдықталған. Мекемедегі орманшы инспекторлар мен өрт сөндірушілер байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Өртке қауіпті маусымда тәулік бойы кезекшілік мекеме ғимаратында және өрт бақылау мұнарасында ұйымдастырылған.

– Мекеме қызметкерлері заңсыз аң аулауға тосқауыл қояды. Браконьерлерге қарсы күресті күшейту, орман және аң аулау заңдылығын бұзудың алдын алу мақсатында аудандық поли­ция бөлімі, аумақтық инспекциясымен жедел топтар құрыл­ған. Ар­найы топпен бірнеше рет рейд ұйым­дастырылып, хат­тама тол­тырылып, айыппұлдар өн­дірілуде. Сонымен қатар балықты қор­ғау да назардан тыс қалмайды. Қыс мезгілінде су айдындарында мұздарды ойып, қамыс қою арқылы балық­­тардың тыныс алуы­на жағдай жаса­лады, – дейді ор­маншы инспектор Мейрамбек Жұма­бекұлы.

Осындай ауқымды мін­детті ат­қарып келе жат­қан табиғат сақ­шысы зайыбы Мінәш Әубәкіровамен 3 ұл, 1 қыз тәр­биелеп өсірген өнегелі отбасының ті­ре­гі.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
17 қазан 2026 ж. 113 0