Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәрін білгім келеді

Бәрін білгім келеді

Аудандық «Достық» үйінде «Бәрін білгім келеді» тақырыбымен интеллектуалды білім сайысы өтті. Мектеп оқушыларының әртүрлі саладағы білімі мен логикалық ойлау қабілетін қатар дамытуды мақсат еткен білім сайысына аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей мен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 7-сынып оқушыларынан жасақталған топтар қатысты.

Ләззат Серікбаеваның ұйымдастыруы­мен өткен іс-шара негізгі төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезең бойынша оқушылар қазақ тілі пәніне қатысты сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңде тарих пәні бо­йынша білімін сынаған қатысушылар үшінші ке­зеңде үш тілді жетік меңгеріп келе жат­қандықтарын көрсетті. Ал төртінші кезең «Кім жылдам» деп аталды. Бұл бөлім бо­йынша сайысқа қатысушылар мақал-мәтелді толықтырды. Білім бәсекесіне қатысушылардың білімімен қатар жылдам­дықтары да ескерілді. Оқушылар арнайы дайындалған сұрақтарға топ болып жауап беріп, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсете білді.

Интеллектуалды сайысқа кент ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбайұлы мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бір­лестігі Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов төрелік етті. Өз кезегінде сөз алған Зайдағали ағай бүгінгі оқушылардың ертеңгі ел болашағы екенін айтты.

– Бүгінгі сайысқа қош келдіңіздер. Қазір білімділердің заманы. Шаршы топтан бөлініп, кіл үздіктен ең мықты ретінде осы жарысқа келіп отырған­дарыңыздың өзі – жеңіс. Қатысушыларға сәттілік серік болсын, – деді кент ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Аудан орталығындағы екі мектептен жасақталған білімді оқушылар тобы тартыс­ты ойын өрнегін көрсетті. Десек те, са­йыс болған соң біреу жеңіп, біреу жеңілері анық. Сайыс қорытындысы бойынша екі топ та тең түсті. Ұйымдастырушылар тарапынан екі топқа шешуші сұрақ қойылды. Осы сәтте өз жылдамдығымен бір қадам алға шыққан №36 мектеп-лицейінің «Жас Алаш» тобы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал жүлделі екінші орынды №35 мектеп-лицей оқушыларынан құралған «Бірлік» тобы жеңіп алды. Сайыс соңында алғыр оқушыларға арнайы диплом табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 қазан 2022 ж. 289 0