Қыздар сұлу көрінер өнерімен
Жасөспірім қыз балаларды ибалыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу мақсатында аудан орталығындағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектеп акт залында сайыс өтті. «Өнер – адамның рухани әлемі» атты өнер әдіс бірлестігі апталығы аясында өткізілген қыздар арасындағы сайыс «Қыздар сұлу көрінер өнерімен» деген тақырыпты арқау етті.
Сайысқа 8 және 9 сыныптың он саусағынан өнер тамған арулары қатысты. Арулар бес кезең бойынша бақ сынасып, өзара сынға түсті. Алғашқы кезеңде қатысушылар өлең-сөзбен өздерін таныстырса, екінші кезеңде қыздардың көркем өнерге икемдері сыналды. Яғни аруларымыз он минуттың ішінде матадан көйлек тігіп, көрерменді таң қалдырды. Шарт бойынша көйлек жіпсіз, яғни тек қана ине және арнайы жапсырғыштармен бекіту арқылы тігілуге тиіс. Бұл кезеңнен сүрінбей өтіп әр түрлі сәнді көйлектерді қазылар мен көрерменге ұсынған қыздар үшінші кезеңде шаш үлгісін жасап, қазақы өрімнің түр-түрімен таныстырды. Ал төртінші кезеңде арулар жеміс-жидектерді сәндеп ұсынды. Бұл кезеңде көрермен бой жетіп қалған қыз балалардың ата-анасына көмекші екенін айтып, риза болысты. Сайыс тек қана қыздардың ептілігін байқауды емес, қазақтың рухани мұрасын дәріптеуді мақсат етті. Соңғы бөлімде қағаздан әп сәтте ою ойған қыздарымыз қолөнерге де жақын екендіктерін аңғартты.
Сайысқа мектеп директоры С.Сактапова, «Сырғалым» қыздар отауының жетекшісі А.Каюпова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Г.Досмағанбетова әділ төрелік етіп, жеңімпаздары анықтады.
– Қыз бала тәрбиесі қай кезеңде болмасын үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтті. Қыздарымыз бірінен бірі өткен сұлу әрі өнерлі екен, – деп пікір білдірген мектеп директоры Света Мұхтарқызы жеңімпаздарды «Алғыс хатпен» салтанатты түрде марапаттады.
Бес кезеңнен тұрған сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Гүлімай Мергенбаева жеңіп алды. Ал бірінші орын Нұрлытаң Тюбжановаға бұйырса,екінші орынды Аянат Байназар есімді сүйкімді ару еншіледі. Жүлделі үшінші орынды көркем қылығымен көзге түскен Ақерке Қалдыбекова жеңіп алды.
Тәлімі мен берер тәрбиесі зор қыздар арасында өткен байқауды ұйымдастырушы «Өнер» әдіс бірлестігінің жетекшісі Қарлығаш Билисбаева қазақтың бай мұрасын насихаттау жолында алда түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар екенін атап өтті.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ