Жетікөлден шыққан жайсаңым
Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қарымды қаламгер, ақын Кенжалы Ерімбетовтің 70 жас мерейтойына арналған «Дүркіреп өтті дүр жылдар» атты шығармашылық кеш өтті. Мерейтойлық іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Сыр медиа» ЖШС-і бас директоры Марат Аралбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, «Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ақынның замандастары, әріптестері және туыстары қатысты. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы мерейтой иесіне аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың арнайы құттықтауын табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.
– Бүгінгі шығармашылық кеш – бір азаматтың мерейтойын атап өту ғана емес, тұтас бір ғұмыр өнегесін ұлықтап, ел руханиятына сіңірген еңбекті бағалайтын тағылымды басқосу. Журналистика – қоғам мен уақыттың шежіресін жасайтын, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды ұрпақ жадында сақтайтын жауапты сала. Осы жолда қалам тербеп, ақпарат саласының дамуына үлес қосу, ақиқат пен әділдікті ту етіп, оқырман сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасына амандық, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін. Қаламыңыз мұқалмай, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болып, абыройыңыз асқақтай берсін!, – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Бұл ретте, Сырдария ауданынан арнайы барып, мерейлі кештің куәсі болған қаламгердің жерлестері аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың құттықтауын табыстады. Салтанатты іс-шарада Ақтөре Ибрагимұлы мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, қаламгердің журналистика мен әдебиет саласындағы еңбегіне кеңінен тоқталды.
– Құрметті Кенжалы Райымбекұлы, Сіз шығармашылық ғұмырын сөз өнеріне арнап, елдің рухани өміріне өзіндік үлесін қосып келе жатқан қарымды қаламгерсіз. Сырдариялық жерлестеріңіз журналистика саласындағы жемісті еңбегіңіз бен шығармашылық жетістіктеріңізді жоғары бағалайды. Бүгінгі мерейтой – аудан халқының және жерлес оқырмандарыңыздың ортақ қуанышы. Осы ретте, аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы ыстық ықыласын білдіріп, мерейтойыңызға құттықтау жолдады. Бұл – барша аудан халқының ақ тілегі, өзіңізге деген құрметі деп қабылдаңыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс пен отбасыңызға амандық тілейміз, – деген Ақтөре Ибрагимұлы аудан әкімінің атынан ардақты ақынның иығына қазақы дәстүрге сай шапан жапты.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт мерейтой иесінің шығармашылық жолына тоқталып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
«Сыр медиа» ЖШС-і бас директоры Марат Аралбаев іргелі ұжым атынан қаламгерге құрмет көрсетті. Қаламгердің шығармашылық еңбектеріне тоқталып, қаламынан шыққан әр туындының оқырман қауымның жүрегінен жол тапқанын жеткізді.
– Бүгінгі шығармашылық кеш мен үшін үлкен қуанышқа бөленіп, ерекше толғанысқа түскен сәт болды. Жетпіс жылдық мерейтойымда елдің құрметіне бөленіп, әріптестерім мен жерлестерімнің ақ тілегін есту – мен үшін зор мәртебе әрі шығармашылық жолыма берілген үлкен баға. Адам үшін туған жерінің ықыласына бөленуден, елінің құрметін сезінуден артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Мен бар ғұмырымды сөз өнеріне, журналистика саласына арнап келемін. Қалам ұстаған азаматтың басты міндеті – қоғамның тынысын танытып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Әрбір жазған дүниемде туған жердің тарихын, елдің еңбегін, қарапайым адамдардың болмысын көрсетуге тырыстым. Өйткені журналистика – тек ақпарат жеткізу емес, ол – уақыт шежіресін жасау, ұрпаққа өнеге қалдыру. Осы жолда маған бағыт-бағдар берген аға буын өкілдеріне, қолдау білдірген әріптестеріме және шығармашылығыма ықылас танытқан оқырмандарыма ризашылығым шексіз. Мерейтойыма орай арнайы келіп, ізгі тілектерін білдірген азаматтарға, облыс және аудан басшылығына, зиялы қауым өкілдеріне, әріптестерім мен жерлестеріме шынайы алғысымды айтамын! Осындай құрмет пен ыстық ықылас маған ерекше күш-қуат беріп, алдағы уақытта да шығармашылықпен айналысуға жігерлендіреді. Қаламым мұқалмай, елдің руханиятына қызмет етіп, туған жерімнің абыройын асқақтатуға әлі де өз үлесімді қоса берсем деймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұрпақтар сабақтастығы мен сөз өнеріне деген құрмет жалғасын таба берсін, – деді Кенжалы Ерімбетов.
Айта кетейік, Кенжалы Ерімбетов – Сырдария ауданының Жетікөл ауылының тумасы. Ол «Ардагер келбеті» газетінің бас редакторы, «Сыр медиа» серіктестігі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, «Қазақстанның құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.
Шығармашылық кеште қаламгердің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін естеліктер айтылып, журналистика мен әдебиеттегі ізденістері, азаматтық болмысы мен шығармашылық ерекшелігі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер орындалды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










