Табиғат сақшысы
Орманды қорғау, көбейту және оның табиғи байлығын сақтау – аталған сала маманының маңызды міндетінің бірі. Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі мамандарының еңбегі бүгінгі күн үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де құнды. Сабырхан Әбікеновтің осы салада еңбек етіп келе жатқанына 21 жыл толды.Алғашқы еңбек жолын аталған мекемеде орман инспекторы қызметінен бастаған. Қазіргі таңда орман шебері болып қызмет атқаратын Сабырхан Серікбайұлы – Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы. Табиғат жанашыры, орман қорын күзетуде уақытпен санаспайтын тәжірибелі маман – №137 мектептің түлегі. Мектепті бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығында абыройлы қызмет атқарып келеді.
– «Орманды қорғау – болашақты қорғау» демекші, біздің жұмысымыз қашанда қауырт. Яғни, орман шаруашылығы мамандығы үлкен жауапкершілікті, табиғатқа деген сүйіспеншілікті және кәсіби білімді талап етеді. Жылдың төрт мезгілінде де, ауа райының қолайсыз жағдайларында да орман алқаптарының жағдайын бақылап, ағаш отырғызу, күтіп-баптау, заңсыз ағаш кесуді болдырмау, аң-құстың жойылып кетпеуін қадағалау, орман өртінің алдын алу секілді қызмет атқарамыз. Сонымен қатар №9 аялдама саябағында көктемгі ағаш егу, жер жырту, жеміс ағаштарын толықтыру секілді жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі таңда қарамағымда 4 орман күтушісі бар. Барлығы да тәжірибелі, өз ісінің маманы. Әріптестерімді Орман шаруашылығы күнімен құттықтаймын, – дейді орман шебері.
Иә, орман шаруашылығы қызметкерлеріне артылар жауапкершілік қашан да өте жоғары, әрі қауіпті тұстары да жетерлік. Демалыс немесе мереке күндері де жұмыстың басы-қасында жүріп, орман қауіпсіздігіне жауап беретін де – осы мамандар. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан Сабырхан Әбікеновтің еңбегі елеулі. «Еңбек ер атандырады» дегендей, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
– Қазіргі таңда еліміздің кейбір аймақтарында орман алқаптары аз болғандықтан, бар орманды сақтау және жасыл аймақтарға айналдыру үлкен еңбекті және жауапкершілікті талап етеді. Мәселен, сексеуіл отырғызу арқылы құмның көшуін тежеуге, топырақты қорғауға және шөлейт жерлердің экологиялық жағдайын жақсартуға болады. Бұл жұмыстар бізде жүйелі түрде жасалып отырады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ағаш отырғызу, оны күтіп-баптау елді мекендердің көркеюіне, қоршаған ортаның тазаруына көмектеседі, – дейді кәсіби маман.
«Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: мамандық таңдау мен жар таңдаудан» деген сөз бар. Сабырхан Әбікеновтің бұл тұрғыда да дұрыс таңдау жасағанын аңғаруға болады. Әрбір жауабынан жұмысына деген жауапкершілігі байқалса, екінші жағынан, жары мен отбасына деген сүйіспеншілігі де сезіледі. Кейіпкеріміз зайыбы Кәмшат Бодыбаймен бірге төрт баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының иесі. Үлкен ұлы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, біреуі – студент, ал екеуі – мектеп оқушысы.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА










