Табиғи ресурстар-Қазақстанның стратегиялық әлеуеті мен экономикалық дамуының негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің минералдық ресурстар мен табиғи шикізатқа бай мемлекет ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударылуы өте орынды. Қазақстанның жер қойнауындағы мол табиғи байлығы-тәуелсіз еліміздің маңызды стратегиялық артықшылықтарының бірі. Алайда бұл байлықтың құндылығы тек табиғи қорлардың көлемімен емес, оларды қаншалықты тиімді әрі ұтымды пайдалана алатынымызбен өлшенеді. Сондықтан шикізаттық әлеуетті экономикалық өсімнің нақты тетігіне айналдыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі деп есептеймін.Қазіргі жаһандық экономикалық жағдайда пайдалы қазбалар мен стратегиялық минералдарға деген сұраныс артып келеді. Бұл Қазақстан үшін халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Әсіресе геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіру, кен орындарын игеруге заманауи технологияларды енгізу және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту маңызды. Сонымен қатар табиғи ресурстарды тек өндірумен шектелмей, оларды терең өңдеу ісіне басымдық беру қажет. Өйткені дайын өнім шығару отандық өнеркәсіптің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне ықпал етеді.
Менің ойымша, Қазақстанның басты мақсаты-табиғи байлықты бүгінгі экономикалық қажеттіліктерге ғана емес, келешек ұрпақтың игілігіне де қызмет ететін ресурс ретінде қарастыру. Осы тұрғыда өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды үнемді пайдалану мәселелері қатар жүруі тиіс. Экономикалық өсім мен экологиялық тепе-теңдіктің үйлесуі тұрақты дамудың негізгі шарты болып табылады.
Сондай-ақ минералдық-шикізат саласын дамытуда отандық мамандардың біліктілігін арттыру мен ғылыми-техникалық әлеуетті күшейтудің маңызы зор. Заманауи технологияларды меңгерген кәсіби кадрлар ғана еліміздің табиғи байлығын жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыра алады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның әлемдік экономикалық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жалпы, Мемлекет басшысының бұл бағытқа басымдық беруі еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық мүддесімен үндеседі. Табиғи ресурстар-бізге берілген мүмкіндік, ал оны тиімді пайдалану-мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қазақстанның байлығы жер қойнауындағы қазынамен ғана емес, сол байлықты ел игілігіне жарата білетін білімді мамандарымен, озық технологиясымен және көреген даму саясатымен бағалануы тиіс.










