Ел анасын жырға қосты

«Еңбекпен есейген ғұмыр» атты облыстық мүшәйраны ашқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев пен Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров ардақты ананы мерейтойымен құттықтады.
– «Еңбек Қызыл Туы» орденді Шіркейлі ауылында облыстық деңгейде ақындар мүшәйрасы өткізілуде. Берекесі тасыған Қаратау бөктері мен тірлігі түрленген теңізді өлке аралығында орналасқан Қызылорда қаласы мен аудандардан келген қаламы қарымды ақындар «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева апамызға жыр шумақтарын арнамақ. Мерейлі жасқа толып жатқан ардақты анамызды мерейтойымен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр тілейміз, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Тағылымды іс-шарада еңбегімен танылған асыл ананың балалық кезеңі сахналық қойылым ретінде қойылды. Сонымен бірге ардақты ананың жас кезінен қызметте жинақтаған тәжірибесі, өмір жолы, ел арасындағы өзіндік орны, отбасы жайында бейнебаян көрсетілді. Ал Бексұлу апаның ізінен ерген ардақты аналар қауымы ерекше сый-құрмет көрсетті.
– Біздің ауылымыздан әр саланың үздіктері шыққан десем қателеспеймін. Ауыл шаруашылығы саласында ерік-жігерімен, қажыр-қайратымен еңбек ете білген асыл жан Бексұлу апамызға құрметіміз ерекше. Қыз күнімізден тәлім-тәрбиесін біздің санамызға құйып, айқын жолды көрсете білді. Осындай мерейлі күннің мезіретін сезіне отырып, ақылшы апаның мерейтойымен ортақтасуды зор абырой санаймын, – дейді шіркейлілік ардагер-ұстаз Жібек Азаматова.
Мүшәйраға қатысушы ақындардың өзіндік деңгейін саралаған ақын Ақтөре Ибрагимұлы да ардақты жанға жылы лебізін жеткізіп, ізгілік жолынан айнымаған дара тұлғаны ақындар төгілте жырға қосқанын атап айтты. Сонымен бірге, байқауға қатысушыларға «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері, ардагер-ұстаз Жібек Азаматова, айтыскер ақын, «Алдаспан» жас ақындар клубының жетекшісі Мұхамеджан Мансұров әділ бағасын берді.
Облыстық мүшәйраның қорытындысында жүлделі ІІІ орынды қызылордалық Гүлзада Есмаханова мен сырдариялық Биболат Опабеков, ІІ орынды жалағаштық Дидар Өмірзақ, І орынды қазалылық Айтолқын Іскендір еншіледі. Ал «Ақ күріштің атасы – Шиеліде, ақ күріштің анасы – Шіркейліде» деп өлең шумақтарын түйіндеген шиелілік Бекжан Ержігітке бас жүлдені бекзат болмысты ана Бексұлу Синаева табыстады. Мүшәйраға қатысқан барлық талапкерге арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырылды.
Сөз зергерлерінің әрбір ой-толғамын зерделей білген ардақты жан Б.Синаева ақындарға, танымдық іс-шараны ұйымдастырушыларға өз алғысын жеткізді. Ән айтып, би билеген аудан өнерпаздары кеш шырайын аша түсті.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ