Жыр арқауы – Қоғалыкөл ауылы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Қоғалыкөл ауылдық клубының ұйымдастыруымен облыстық деңгейде жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Карантин талаптарына сәйкес онлайн форматта ұйымдастырылған жыр бәйгесіне Қызылорда қаласы мен аудандардан барлығы 9 талапкер қатысып, бақ сынады.
Алдын ала бекітіліп, барлық мәдениет, өнер мекемелеріне таратылған ережеге сәйкес ақындар құт қонып, бақ дарыған Қоғалыкөл ауылының тарихын және елді мекеннен шыққан тұлғалардың еңбегі жөнінде жырлауы қажет болды. Оның ішінде, ақындардың Қоғалыкөл топырағынан шыққан алғашқы қазақ зиялылары, өнер қайраткерлері С.Қожықов, С.Майқанова, С.Лапин, Л.Қожықовалардың өмірі мен шығармашылығын өлеңге қосып, жыр өруіне ерекше басымдық берілді. «Елдің даңқын асырған ер есімдер» деп аталған облыстық мүшәйраға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі М.Нұрханов, ақын Б.Есенбаев және аудандық мәдениет үйінің аға әдіскері Г.Сәрсенбаева қазылық етті.
19-30 жас аралығындағы жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысында бас жүлде шиелілік Б.Ержігітке бұйырды. Ал, жүлделі І орынды Қоғалыкөл ауылының тумасы Е.Мұхиятдинов иеленді. ІІ орынды тереңөзектік А.Ибрагимұлы еншілесе, қос бірдей ІІІ орынға қармақшылық С.Әділбеков пен қазалылық А.Іскендірова лайықты деп танылды.
Жұлдызай АНШАЕВА