Мектепішілік мәнерлеп оқу акциясы
25 қазан Республика күні. Ел Президенті бұл мерекеге биыл жаңа дем бергендей. Қайтадан атаулы күндер қатарына енді.
Осы айтулы мереке қарсаңында "Қыран елім – Қазақстаным!" тақырыбында аудан көлемінде мәнелеп оқу акциясы басталды. Мәнерлеп оқу акциясына №132 Т.Айтбаев атындағы білім ордасында мектепішілік іріктеу кезеңі өтті. 4-10 сынып оқушылары арасында өткен акцияға 12 оқушы қатысты.
Іс-шарада "Отан", "Туған жер" тақырыбында ақындардың өлең шумақтарын жатқа оқыған оқушылардың бойынан патриоттық қасиеттері айқын байқалды. Қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде екені көрініп тұрды. Бірі екіншісінен асып түсіп жатты. Жүректі тебіреніске толтырып, кеудені туған жерге деген сезімге бөлеген сайыстың іріктеу кезеңінен үш оқушы қалғандарынан оқ бойы оза шықты.
Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды 9 сынып оқушысы Дильназ Алмат иеленсе, екінші орын 7 сынып оқушысы Нұрайлым Болатқызы еншіледі. Ал, үшінші орын 8 сынып оқушысы Гүлсая Сәбитқызына бұйырды.
Іріктеу кезеңінен бірінші және екінші орынды иеленген екі оқушы аудандық кезеңде бақтарын сынамақ.
"ТТ" ақпарат