Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық полицейлер Республика күнін салтанатты түрде атап өтті

Қызылордалық полицейлер Республика күнін салтанатты түрде атап өтті

Республика күні – еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін айшықтайтын, ұлттық бірлік пен елдік рухты дәріптейтін маңызды мереке. Бұл – халқымыздың тарихи таңдауын, егемендік жолындағы ұмтылысын және ел болашағына деген сенімін айқындайтын ерекше күн.

Ұлттық мереке қарсаңында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы, жеке құрамы мен сала ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Жиында өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі бағаланып, сала ардагерлерінің өнегелі жолы дәріптелді.
Салтанатты шарада Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Ергешов Серік Республика күнімен құттықтап, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы полиция қызметкерлерінің еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар жеке құрамға алғысын білдіріп, ардагерлердің тәжірибесі мен өнегесінің маңызын атап өтті.

«Еңбегіміздің басты бағасы – халықтың сенімі, азаматтардың қауіпсіздігі және қоғамның тыныштығы. Сондықтан әрбір қызметкер заң талаптарын қатаң сақтап, азаматтармен қарым-қатынаста әділдік пен әдептілікті басшылыққа алып, қызметтік міндетін адал атқаруы тиіс» деді полиция полковнигі.

Мереке қарсаңында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар полиция қызметкерлері мен сала ардагерлері марапаттарға ие болды.

Атап айтқанда Ішкі істер министрінің бұйрығымен 27 қызметкер марапатталып, бірқатар қызметкерлерге кезектен тыс арнайы атақтар берілді. Сондай-ақ қызметтік жетістіктері үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» және «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілері табысталды. Бұдан бөлек Департамент бастығының бұйрығымен 12 сала ардагері мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен 105 қызметкер түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды.

Өз кезегінде Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы ардагерлерге көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады. Сондай-ақ сала ардагерлерінің ел тыныштығын сақтауға қосқан үлесі мен жас буынға берер тағылымы зор екенін атап өтті.

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Өңір өнерпаздары әсем әндерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл – күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері де өз өнерлерін ортаға салып көрермендердің қошеметіне бөленді.

Республика күніне арналған бұл тағылымды шара елдік құндылықтарды ұлықтап, Отанға адал қызмет етудің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін басты міндетіне айналдырған полиция қызметкерлері үшін ұлттық мереке – абырой мен жауапкершіліктің, бірлік пен отансүйгіштіктің символы.

Фото: Qyzylorda PD
25 қазан 2026 ж. 62 0