Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынның 100 жылдығына арналды

Ақынның 100 жылдығына арналды

Жұбан Молдағалиев – қазақтың көрнекті ақыны. Келер жылы ақынның туғанына 100 жыл толады. Ақын өзінің 68 жыл ғұмырында қазақ ақындарының арасында өзіндік орнын қалыптастырды. Жұбан Молдағалиев атақты "Мен – қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналып, Отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын алған ақын атанды.

Бүгін аудандық Оқушылар үйі және "Жас ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен "Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына" арналған жыр – керуен сайысы өтті. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Оның біріншісі – "Өмірім өлеңменен өрнектелген" деп аталып, онда аудан мектептерінен келген 12 қатысушы ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Екніші кезең – "Жырлайды жүрек" деп аталды. Бұл кезеңде жас өнерпаздар ақын сөзіне жазылған бір әннен орындады.

Ақын өлеңін жатқа оқу кезеңінде қатысушылардың арасында №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей оқушысы Лаура Балғабай оқыған үш өлеңін де көрініспен әспеттеп, көрермен көңілінен шықты. Оның өлең оқу мәнері де қарсыластарынан басым болды. Қорытындысында ол бірінші орынға шықты. Ал сайыстың ең соңғы қатысушысы ретінде сахнаға шығып, ақынның "Қазақ" атты өлеңін оқыған №129 мектептің оқушысы Зехра Қуаныш та бірінші жүлдеге лайық болды. Ол өзге қатысушылар сияқты бірнеше өлең оқымағанмен, ең ұзақ шығарманы бастан-аяқ жатқа, мәнерлеп оқыған талантты өнерпаз болып ерекшеленді.

Қос бірдей екінші орынды №174 орта мектептен келген Дильназ Кеңесова мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептің оқушысы Досымжан Алмабеков алды. Жүлделі үшінші орынды №174 орта мектептен Сандуғаш Нұрланқызы мен №191 орта мектептің оқушысы Жаннұр Әбдікәрімова лайық деп танылды.

Екінші кезең жеңімпаздарын атап айтатын болсақ, бірінші орынды Қарақат Ыдырыс (№139 мектеп) пен Сәулет Қайып (№42 мектеп-лицей), екінші орынды Айсара Қайратқызы (№135 мектеп) пен Ертуған Орынбасарұлы (№37 мектеп-лицей), үшінші орынды Салтанат Маратова (№131 мектеп) пен Сымбат Әбсәләм (№191 мектеп) алды. Жас өнерпаздар арнайы дипломмен марапатталды.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
16 қазан 2019 ж. 1 402 0