Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Республика күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Республика күнімен құттықтауы

Құрметті жерлестер!

Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес» деп атап өтті.

Тәуелсіздік жылдардағы жетістіктеріміздің басы – Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен тығыз байланысты. Декларация қабылданғаннан кейін еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде мойындалды. Ал, бүгінде азат еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, саяси реформалардың орындалуының арқасында жаңа кезеңге қадам басты.

Баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бірлік, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын!


Берік СӘРМЕНБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі

25 қазан 2026 ж. 64 0