Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел бақыты – әлем бақыты

Әйел бақыты – әлем бақыты

Аудандық мә­­дениет үйін­де білім саласы қыз­мет­керлеріне арналған «Әйел бақыты – әлем бақы­ты» тақырыбында концерт өткізілді.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, білім саласы қызметкерлерінің кәсіп­одақ ұйымының төрағасы Алмас Есназар, сала ардагерлері мен ұстаздар қатысты.

Тағылымы мол іс-шара әдеби кө­рініспен ашылды. Өз кезегінде өнер майталмандары ана образын сәтті орын­дап шықты. Мұнан соң аудан әкі­мінің орынбасары жиналғандарды мерекемен құттықтады.

– Ардақты аналар, құрметті қыз-ке­лін­шектер, ұлағатты ұстаздар, бар­шаңызды «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен шын жү­ректен құттықтаймын! Сіздер білім саласының өркендеуі мен реформа­лардың жүзеге асуына зор үлес қосып келесіздер. Шәкірттеріңіз бі­лім бәсекелерінде топ жаруда. Аудан мерейін асқақтату жолында аянбай еңбек ететіндеріңізге сенеміз. Ауда­нымыздың нығайып, сән-салтанаты мен мерейінің үстем болуында да асыл аналарымыздың, аруларымыздың есе­лі еңбегі мен қажырлы қайратының үлесі зор. Қазіргі таңда аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерде дәріс беретін мұғалімдер саны 1267 болса, оның 72 пайызы, яғни 916-сы қыз-келіншектер. Бұл – әйел-аналар-отбасының ғана емес, елдің тірегі, қо­ғамның белсенді мүшесі екендігінің белгісі. Әлемді, жерді жарық етіп оты­­ратын екі нәрсе бар. Біреуі – күн, екіншісі – әйел. Ел аузындағы осы қанатты сөз бүгінгі мерекенің ажарын ашып тұрғандай. Әр отбасыда ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады. Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана Сіздерге арналады, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Іс-шара барысында білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан педагогтар аудан әкімінің, облыстық білім басқармасы басшысының, об­лыстық кәсіподақ комитетінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Ұлағатты ұстаздарға бағалы сыйлық тапсырылды.

Мерекелік кеште «Тұмар» бишілер тобы «Қазақ биін» орындады. Жер­гілікті өнерпаздар «Ана туралы баллада», «Балымша», «Пай-пай туған жер», «Мереке күніңмен» әндерін шырқаса, өнер мектебінің домбырашылар тобы «Күй тартыс» жасады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
10 наурыз 2022 ж. 741 0