Қазыналы қариялар құрмет төрінде
Ақылдың көзі саналар қариясы бар ел – қазынаның қайнар бұлағы. Үлкеніне құрметпен қарау, сыйлап, қастерлеу – ықылым заманнан келе жатқан игі қасиет. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген көнеден қалыптасқан ізгі дәстүрді жалғастыру мақсатында Тереңөзек кенті әкімдігі мен кент ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен тағылымды мерекелік іс-шара өтті.
Тереңөзек кенті мәдениет үйінде өткен мерекеге биылғы жылы 80-90 жасқа келген кенттің еңбек ардегерлері қатысып, құрметті мейман болды. Оларды кент әкімі Е.Бахтияров пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрғасы М.Келдібаев мерейтойларымен құттықтады.
– Сексен, тоқсан деп айту оңай, бірақ ол жолды жүріп өту қиын екенін білеміз. Жайдан-жай осы жасқа келген жоқсыздар. Екі ғасырды, екі мыңжылдықты көрдіңіздер. Сондықтан сіздер – тарихи ұрпақсыздар. Екімыңыншыжылдықты бітіріп, үшінші мыңжылдықта өмір сүру бақыты бұйырды. Өткен ғасырға өкпе жоқ. Еңбек етіп, ауданымыздың өркендеуіне зор үлес қостыңыздар. Қандай қызметте болсаңыздар да енді ғана еңсе тіктеген егемен еліміздің іргесінің берік болуына атсалыстыңыздар. Қоғамның дамуы жаңа бағыт алған тұста Жаңа Қазақстанды құруға да атсалысып отырсыздар. Бейнеттің зейнетін көрген жақсы заманда жақсы жасқа келудің өзі мәртебе. 2017 жылы Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесін басқаруды қолға алғанымда кентте 20 шақты ғана кісі сексен жаста болатын, биыл 31 адам сексен жасқа толып отыр. Бес жылдың ішінде өсім бар. Денсаулықтың арқасында әлде де екі онжылдықты еңсерулеріңізге тілектеспін. Алла қуат берсін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев.
Сөз кезегінде мерейтой иелеріне Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бақтияров жылы лебізін жеткізді.
– Үлкенді сыйлау мен құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан игі дәстүріміз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңес, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен қызметтеріңіз елеулі. Соның негізінде құрметке де бөленіп келесіздер. Бүгін бейнеттеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгілікті, пайым мен парасатты танытудан жалыққан емессіздер. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Мерейтойларыңыз құтты болсын, жүз жасаңыздар, – деді Ержан Бақтиярұлы.
Туған өлкеміз биылғы жылы жақсылығымен, жаңалығымен тарихқа енбек. Іргелі, өнегелі өзгерістер күннен-күнге аймақ халқын қуаныш пен шаттыққа бөлеуде. Өрісті өлкенің аяулы ардагерлері мерейлі мерекенің төрінде құрмет-қошеметке бөленді. Биыл мерейлі жасқа жетіп, іс-шараның мейманы болған кенттегі 31 еңбек ардагеріне сый-сияпат табысталып, құрмет көрсетілді.
Өз кезегінде салтанатты іс-шараны ұйымдастырушыларға ардагерлердің атынан Тыныштық Байбосынова мен Тұрсын Сейтімова алғыс білдірді. Қазыналы қариялардың мерейтойына арналған іс-шарада әннен шашу шашылып, күмбірлеген күй төгілді.
Бибісара ЖАНӘЛІ