Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл – тәуелсіздік тірегі

Тіл – тәуелсіздік тірегі

Аудандық мұражайдың «Көркемсурет галереясы» залында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалы мен кент мәдениет үйі бірлесе отырып, «5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне» орай мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Киіз үй бейнесі, шаңырақ, жер үстел мен текемет, үстелді айнала төселген оюлы көрпеше келушілерге ерекше атмосфера сыйлап, іс-шараның жоғары дәрежеде өтуіне септігін тигізді. Мерекелік жиынға аудандық білім бөлімінен, ішкі саясат бөлімінен, балабақшалардан, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Мерекелік жиынды ашып берген халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов тіл мәртебесінің бәрінен биік екеніне тоқтала отырып, қатысушыларға ыстық ықыласын білдірді.

– Сіздерді «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі. Осы айтулы күнді лайықты қарсы алу үшін бүгінде жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Тәуелсіздігіміздің ең басты шартының бірі – мемлекеттік тіл, – деген Шаһарбек Балтабайұлы тілдер мерекесінің 5 қыркүйек деп белгіленуінің мәніне тоқталып өтті.

Мемлекеттік тілдің маңызы қашан да жоғары. Президентіміз тіл мәселесін әрдайым көтеріп, тіліміздің басты құндылық екеніне баса мән беріп отырады. Осы ретте, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында да тіл саясатына ерекше назар аударып «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді» деді.

Мерекелік іс-шарада құрметті қонақтар №1 «Қызғалдақ» балабақшасының меңгерушісі Ғайни Әбенова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Индира Қартаеваға сөз берілді. Қонақтар мерекелік жиынның жоғары дәрежеде өтіп жатқанын айтып, құдіретті ана тілімізді көздің қарашығындай сақтау әрбіріміздің парызымыз екенін тілге тиек етті.

Абылайхан Қилымханов пен Ербол Сағымбайұлы «Балбырауын», «Аққу» күйлерін орындап, тыңдарман құлағының құрышын қандырды. Жайлы орта, күмбірлеген күй қонақтарды елітіп, рухани азықтандыра түсті.

Кеш марапаттаумен қорытындыланды. Сөз алған Шаһарбек Балтабайұлы халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының атынан жас ұрпақты тәрбиелеуде мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ тіл жанашырына «Құрмет грамотасы» мен арнайы сый-сияпатын табыстады.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
06 қыркүйек 2021 ж. 581 0