Қоғалыкөлдік өнерпаздар қошеметке бөленді
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жыл Балалар жылы деп жариялануына орай Қоғалыкөл ауылы өнерпаздарының «Өнерпаз болсаң арқалан» атты концерті өтті.
Қоғалыкөл ауылы – алқабы алтын дәнге, өрісі төрт түлік малға толы іргелі, салт-дәстүрді берік сақтаған қасиетті мекен. Киелі топырақтан Алты Алашқа аты танылған тарихи тұлғалар өсіп-өнген. Елдің атын шығарған – Мұңайтбасовтар мен Лапиндер әулеті. Сонымен қатар ел тарихында алғашқы білім шырағын жаққан «Хан мектебі» атты білім ордасы осында болған. Мектепте қазақтың алғашқы Алаш зиялылары оқып білім алған. Ел мәдениетінің даңқын асырған ақын-жыраулар да қаншама! Әскербек Еңкебаев, ағайынды Қожықовтар әулеті, әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің кинорежиссері Сұлтан Қожықов, театр падишасы Сәбира Майқанова секілді даралар ауылдан түлеген.
Туған жердің әр тасының, әр жолының өзіндік тарихы бар. Тарихтың тереңінен сыр шерткен Қоғалыкөл жері өзінің «Қыш қаласымен», «Ұлы Жібек жолы керуені» сүрлеу салған ұлы жолымен танымал.
Өнер әлемінде өзіндік үлес қосқып жүрген ата-әжелердің де өнерлері жоғары. «Қарттардың да өнерге бар таласы» дегендей, ауылдағы «Ардагер» атты ата-әжелер ансамблі белсенді. Олар «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты өнер фестивалінде аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды.
Алғаш ән үйірмесіне келіп, ән әлеміне қанат қаққан жас әншілер С.Мұқанова, Қ.Сәтбаев, А.Мырқы, Қ.Мақаш сынды әншілер жалынды жыр, жүректі жыршыларды халыққа кеңінен насихаттап келеді. Көркемсөз оқу үйірмесінің белсенді мүшесі, талантты ақын Ержан Мұхиятдинов, Әсет Зулпар, Ақылбек Кетебай халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда өнерін көрсетіп жүр. Дуалы ауыз қариялар «Топырағына құт дарыған» деп баға берген шежірелі мекеннен әлі талай өнерпаз туып, өмірден өз орнын тауып қаланары анық.
Қоғалыкөлдік өнерпаздарды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы құттықтады. Бөлім басшысы өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Концерттік бағдарлама қазақ биі «Шашумен» ашылды. Ауыл ардагерлерінен құрылған Әкелер ансамблінің орындауында Ө.Байділдаевтың «Туған ел» әні орындалды. Клуб жанынан құрылған балалар хор ұжымы және ауыл өнерпаздары Г.Құдайбергенова, Ж.Накипов, Қ.Сәтбаев, Р.Шүкірәлиева өнер көрсетті. Ауыл мақтанышы халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың дипломанты Қасиет Мақаштың өнеріне көрермендер қошемет көрсетті.
– Ауыл өнерпаздарының концерті айтулы жыл аясында өтті. Киелі сахнада өнер көрсеткен жас өнерпаздар мен аға буын өкілдері халық әндерін, патриоттық әндер орындап, ыстық ықыласқа бөленді. Жанды дауыста ән салған өнерпаздардың өнері жоғары бағаланды, – дейді Қоғалыкөл ауылдық клубы басшысының міндетін атқарушы Гүлшара Сарбасова.
Өнер фестивалінде ән мен жырдан шашу шашқан қоғалыкөлдік өнерпаздардың өнері өрлей берсін!
Бибісара ЖАНӘЛІ