Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас таланттар мектебі

Жас таланттар мектебі

Қоңыр үннің құдіретінен жарал­ған сазды әуенді әуелететін өнер­паздар Шаған әуез мектебінде жет­кілікті. Осыдан қырық жыл бұрын музыка өнерінің хас ше­бері Нағашыбай Жанәбілов негі­зін қалаған әуез мектебінен бү­гін­гі күнге дейін талай талант түлеп ұшқан. Бір жылдары облыс көлемінде музыка мек­тептері жабыла бастаған кезде өнер­ге жанашырлықпен қарайтын бірқа­тар азаматтың ұйытқы болуымен білім ұясы сақталып қалады. Қазір­гі таңда ауылдағы мектепте музыкалық білімі бар 16 педагог қызмет етеді.

Бүгінде өнерлі өрендерге алты мамандық бойынша білікті мамандар сабақ береді. Бір айта кетерлігі, аудан көлемінде Шаған әуез мектебінде ғана шертер сыныбы ашылған. Шертер сыныбы бойынша жас маман Жаңабай Төлепов 7 баланы дайындауда. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап вокал және домбыра сыныбын ашу жоспарда бар. Ал Ақжарма, Іңкәрдария, Нағи Ілиясов ауылынан жаңа филиал ашу алдағы үш жылдықтың еншісінде. Аталған филиалдар ашылған жағдайда 100-ден аса баланы өнерге баулуға мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта Ақжарма және Нағи Ілиясов ауылының жас өнерпаздары әуез мектебінде білімін жетілдіруде.

– Шәкірт тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше. Елдегі қалыптасқан ахуалдың күрделенуіне байланысты жас өнерпаздар барлық байқауға онлайн форматта қатысуда. Баланың білімі мен қабілетін шыңдауда кәсіби байқаулардың көптеп ұйымдастырылғаны жақсы. Бір жағынан ата-анаға да тиімді. Биылғы жылды табысты қорытындылап отырмыз. Халықаралық, республикалық дәрежеде өткізілген байқаулардан өнерпаздарымыз дара шықты. Қай кезде де жоғары талап пен кәсіби бағдардың жемісін көріп келеміз, – дейді Шаған әуез мектебінің директоры Өмірбек Сарыбаев.

Республикаға танымал «Сарыбаевтар» халықтық отба­сылық ансамблінің жетекшісі Өмірбек Сарыбаев өнер жолында жүрген ауыл жастарына бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Алдағы уақытта әуез мектебінің жанынан жетіген сыныбын ашып, халық өнерін жандандыруға үлес қоспақ. Әуез мектебіне барғанымызда баян сыныбының мұғалімі Әзімжан Әділбек шәкіртіне Абай әндерін нақышына келтіріп орындауды үйретіп жатқан болатын.

– Жас таланттың бойындағы шығармашылық қабі­летті дамыту – басты мақсатымыз. Әркез өнерге деген сүйіспеншілігін оята отырып, музыкаға баулып келеміз. Жетістікке жете білген жас өнерпаздарды ынталандырып келеміз, – дейді үйірме жетекшесі.

Жас таланттар мектебі – өнерге жақын өрендерді дайындайтын ұлағатты білім ордасы. Алдағы уақытта шағандық өнерпаздар толағай табысқа жете берсін демекпіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
21 желтоқсан 2020 ж. 577 0