Іргелі өнер ордасы
Бізде «өнер» десе ішкен асын жерге қоятын жандар жетерлік. Олардың аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына қосып жүрген үлестері мол. Бұл қатарда мәдениет майталманы Өмірбек Сарыбаев басқаратын Шаған өнер мектебі ұжымының атқарып жүрген жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Аталған өнер мектебінен тәлім алғандар қазақы құндылықтарды дәріптеп, аудан мерейін үстем етуде. Биылғы «Балалар жылына» орай жақында шығармашылық ұжым концерттік бағдарламаларын ұсынды.
«Іргелі өнер ордасы» тақырыбындағы концертті аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар және ауыл тұрғындары тамашалады. Концерттік бағдарламада көпшілік қарымды қаламгер Тілеген Бекарыстановтың сөзі мен Өмірбек Сарыбаевтың әніне жазылған «Іргелі өнер ордасы» әнінің тұсаукесеріне куә болды. Мектеп тәрбиешілері орындаған хорға Гүнар Тұрмағанбетқызы дерижерлық етті, ал көркемдік жетекшілері – Г.Бөгенбаева мен А.Әбдібекова.
Мұнан соң өнер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төкті. Әншілер тобы «Бозторғай», өнер ордасының 1997 жылғы түлегі Лаура Қынтаева «Сыр елім», «Әсем әнім сырнайдай», облыстық «Таңшолпан» телевизиялық байқауының жеңімпазы Медет Бақытұлы «Көк аспан», трионың орындауында халық әні «Әриайдай» және өнер мектебінің түлектері «Қоштасу» әндерін шырқап, қошеметке бөленді. Сондай-ақ Т.Ізтілеуовтің «Кәрілік» термесін Дархан Алиев орындады.
Концерт барысында өнер ұжымының домбырашылары «Шалқиды Арал», «Балбырауын» күйлерін күмбірлетті. Және де жұртшылық мектептің түлектері мен оқушыларының күй тартысын тамашалады. Оркестрмен орындалған «Ерке сылқым» күйі құлақ құрышын қандырды. Сонымен бірге қобызшылар халық әні «Наз қоңырды», баяншылар үштігі орыстың «Волжские напевы» халық әнін нақышына келтіре орындады. Айта кету керек, өнер мектебінің талантты оқушыларына Мейіржан Мұхтарұлы, Әділбек Ұзақбайұлы, Бибігүл Айтуғанқызы, Индира Әлиакбарқызы, Нұргүл Смағұлқызы жетекшілік етіп, өнерге баулуда. Ал оларды сахнада Жанна Искакова сүйемелдеді.
Әнмен сусындап, күй төгілген кеште бишілер де қалыс қалмады. Көптеген өнер байқауларының жеңімпаздары «Еркеназ» би тобы (жетекшісі Мөлдір Тілегенқызы) «Қазақ биін», «Тарантелла» биін биледі.
Керемет өткен концертте аудан әкімінің ықылас гүлі қойылып, ауыл әкімі Ұлбала Абдраманова өнер ұжымына алғыс білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Бұл концерттен көпшілік ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Шаған ауылдық өнер мектебі 1980 жылы ашылып, осы уақытқа дейін өнер ордасын 400-ге жуық түлек бітіріп шыққан.
Ердос БЕРКІНБАЕВ