Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАКУДЕ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ХОРЕОГРАФИЯ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ГАЛА-КОНЦЕРТІ БОЛДЫ

БАКУДЕ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ХОРЕОГРАФИЯ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ГАЛА-КОНЦЕРТІ БОЛДЫ


Бакудегі Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Астананың 20 жылдығына орай Қазақ ұлттық хореография академиясының гала-концерті болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Әзербайжандағы тілшісі.
Шара Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігі мен Әзербайжан мәдениет және туризм министрінің қолдауымен ұйымдастырылды. 
Хореография академиясы тәрбиеленушілерінің өнерін тамашалауға Әзербайжанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың өкілдері, танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, Баку хореография академиясының оқытушылары мен тәрбиеленушілері, сондай-ақ балетсүйер қауым жиналды. 
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Бейбіт Исабаев Қазақ ұлттық хореография академиясы толық көпдеңгейлі циклде кәсіби хореографиялық білім беретін Орталық Азиядағы алғашқы жоғары оқу орны екенін тілге тиек етіп, Әзербайжан, Франция, Ресей, Қытай, Жапония және басқа елдердің алдыңғы қатарлы хореография оқу орындарымен ынтымақтастық жасайтынын айтты. 
Өз кезегінде Әзербайжан мәдениет және туризм министрі Севда Мамедалиева екі елді ортақ түркілік тамырлар, мәдениет, дәстүрлер және рухани мұра байланыстыратынын жеткізді. Елдер арасындағы тарихи тамырларға негізделген қарым-қатынастар түрлі салаларда, соның ішінде мәдениет және өнер саласында да қарқынмен дамып келеді.
Гала-концертте қазақстандық және шетелдік балетмейстерлердің орындауында Академия репертуарындағы үздік нөмірлер, классикалық, қазақша, неоқазақша (жаңа қазақша) балеттер қойылды. 
«Осы шараға өте мұқият дайындалдық. Балаларда сахнаға шығар алдында біраз толқу байқалды, дегенмен олар өздерін ұстап, кәсіби деңгейде өнер көрсете білді», - дейді академияның кәсіби орындаушылық білім беру мектеп-колледжінің басшысы Светлана Кокшинова. 
Көрермендер Академияның өнерлі өрендерінің шеберлігіне тамсанып, әр нөмірден соң қошемет білдіріп отырды.
01 сәуір 2018 ж. 1 013 0