«Музейге сый» жасады
Музей – тарихи жәдігерлеріміз бен құндылықтарымыз сақталған киелі қарашаңырақ. Бүгінде ауданымызда 1 аудандық тарихи-өлкетану, 1 «Еңбек Даңқы» музейі және ауылдарда да тақырыптық музейлер жұмыс істейді. Жыл сайын халықаралық музейлер күні ауданымызда аталып өтіледі.
Айтулы мереке биыл ауданымызда ерекше ұйымдастырылды. «Музейге сый» жобасы аясында мерекелік іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев, Жарылқасын Шәріпов, Батырбек Маншарипов, Мұхан Әмірғалиев, Мұхтар Көзейбай бастаған ел ағаларымен қатар облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып қатысты.
Іс-шараны аудандық музейдің ғылыми қызметкері С.Қуандықова жүргізіп, кешегі тарихты бүгінгі күнмен жалғастырып, кемел келешекке, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін мәдени орталық туралы кең көлемді ақпарат берді. Сондай-ақ музейлер адам баласы үшін демалыс және өзін-өзі жетілдіру орны болып саналатынын атап өтті.
Іс-шарада аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов құттықтау сөз сөйлеп, музейлерсіз қоғамның интеллектуалдық, мәдени, білім беру деңгейін көтеру мүмкін еместігін айтты.
– Музейлер әр азаматқа өз елінің және әлемдік өркениеттің мәдени және рухани мұрасын тануға жол ашып, оны құрметтеуге және түсінуге үндейді. Кез келген елдің қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуы мен қалыптасуында музей қызметкерлерінің орны ерекше. Есте жоқ ескі замандардан қалған құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны кейінгі ұрпаққа таныстырып, табыстауда сала мамандарының еңбегі ұшан-теңіз. Дәуірлер тарихы мен мұрасын жинақтап, ғылыми-ағарту, білім мен тәрбие ісіндегі музей қызметкерлерінің қажырлы еңбегі барлық құрметке лайықты деп есептеймін. Дана халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» деген тағылымы мол сөз бар. Осы тұста музейді тарихи жәдігерлерді сақтау орны деп қарастырар болсақ, сол құндылықтарға құрметпен қарайтын тұлғалар тарихымызды түгендеуге елеулі еңбек сіңіретіні белгілі. Тоқсан жылдан астам тарихы бар біздің ауданымыздағы музей ісінің қалыптасуы мен дамуына ақын Сейтмұрат Ембергеновтің, қайраткер-тұлға Алма Бақтиярованың, өлкетанушы Жәнібек Маханбетовтің зор еңбек сіңіргенін атап өтуіміз қажет. Есімі аталған кісілер аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталықтағы жәдігерлерді жинақтауға, кеңінен ақпараттандыруға айрықша үлес қосты. Мұны кейінгі ұрпақ білуі, құрметпен қарауы қажет. Еліміздегі музей саласының барлық мамандарын және сырдариялық әріптестерімізді бүгінгі атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Тарихи-тағылымдық маңызы зор әрі болашақ үшін аса қажетті еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Рухымыз биік, тарихымыз түгел, болашағымыз жарқын болсын, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Мұнан соң Сыр өңірінің өсіп-өркендеуінде өзіндік орны бар, аймақтағы Шиелі, Жаңақорған және Сырдария ауданын абыроймен басқарып, ел-халықтың ыстық ықыласына бөленген И.Әбибуллаев пен қоғам қайраткері Ж.Шәріпов сөз сөйлеп, аймақтың тарихы, кеңестік кезең мен Тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстар туралы естеліктер айтты.
– Ибрагим Сражадинұлы Сырдария ауданын басқарған тұста өңір экономикасымен қатар рухани-мәдени құндылықтарымыздың түгенделуіне, мәдени мұралардың сақталуына айрықша еңбек сіңірді. Ауданды басқара жүріп, руханияттың дамуына ерекше көңіл бөліп, маңдайын күн сүйген даңғайыр еңбек майталмандары, әдебиет пен өнер марқасқалары жақұттарының сақталуына айрықша мән берді. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына септігін тигізіп, кейінгі толқын небір қиын сәттерде ел үшін ерен еңбек еткен аудан тұлғаларын танып, білуде. Ардақты азаматтың елге деген жанашырлығына бүгін де куә болып отырмыз. Өйткені, аудан тарихының қатталуында орны белек құрметті ел ағасы бүгін музей қорына құнды жәдігерлерді өткізіп, тарихымыздың түгенделуіне сүбелі үлес қосуда. Мұны біз ел азаматының ауданға деген жанашырлығы, құрметі деп білеміз. Мұндай істің басы-қасынан Ибрагим ағамызбен бірге Жиентай жеңгеміздің, сондай-ақ ел ағаларының да табылуын, арнайы уақыт бөліп бүгінгі іс-шараға қатысуын тарих пен қоғам үшін тағылымы мол іс деп санаймыз, – деді Н.Байқадамов.
Музейге құнды жәдігерлерді, тарихи суреттерді, кітаптарды өткізген И.Әбибуллаевқа аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов пен аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев қазақы дәстүрге сай шапан жапты. ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» А.Бақтиярова аудан ардагерлері мен сала қызметкерлерінің атынан алғысын білдіріп, ел ағасы атанған қайраткер-тұлғаға тілектестігін жеткізді. Іс-шараға қатысушылар «Еңбек Даңқы» музейін аралап, аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталықтың жұмысымен танысты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ