Халықаралық музей күнімен құттықтады
Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы аудандық тарихи-өлкетану музейі ұжымын 18 мамыр - Халықаралық музей күнімен құттықтады.
"Құрметті Марат Жүсіпәліұлы!
Сізді және аудандық тарихи-өлкетану музейі ұжымын «18 мамыр – Халықаралық музей күнімен» шын жүректен құттықтаймын!
Музей – кешегі тарихты бүгінгі күнмен жалғастырып, кемел келешекке, кейінгі ұрпаққа үлгі әрі аманат ететін, табиғи және мәдени жәдігерлерді сақтап, өткен мен келешекті байланыстыратын мәдени орталық. 1977 жылдан бастап бекітілген айтулы дата биыл 44 рет аталып өтуде. Бұл күні біз кез келген қоғамның тарихи-мәдени мұраларға деген көзқарасы мен құрметін білдіретін руханият ордасы – музейдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген мамандарға алғысымызды білдіреміз.
Ауданның рухани-мәдени өмірінде Сіздердің қызметтеріңіздің маңызы зор. Есте жоқ ескі замандардан қалған құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, ауқымды деңгейде жұмыс жүргізіп келесіздер. Алдағы уақытта да дәуірлер тарихы мен мұрасын жинақтап, ғылыми-ағарту, білім мен тәрбие ісіндегі еңбектеріңіз жандана берсін! Музей ісін ілгерілету бағытындағы жұмыстарыңызға сәттілік пен табыс тілейміз!" - делінген құттықтау хатында.