Тыл ардагерімен тағылымды кездесу
Мереке қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Еңбек даңқы» залында «Құрметті азамат», тыл ардагері Рақымжан Бәйменовпен кездесу өтті. «Өмір жолы – өнеге» атты музейлік жоба аясында ұйымдастырылған тағылымды іс-шараға аудандық мәслихат депутаты, №137 мектеп директоры Б.Есназар, музей директоры М.Омаров, музейдің ғылыми қызметкерлері және оқушылар қатысты.
9 мамыр – Қазақстан халқы үшін ұлы мереке. Тарихта 1418 күнге созылған алапат майданға жап-жас жігіттер мен он сегізден бір гүлі ашылмаған нәзік жандылар аттанып кете барған. Балалықтың бал дәмін сезе алмаған талай бозбалалардың өмірі қыршыннан қиылғаны да ақиқат. Соғыс даласы қандай қиямет болса, тылдағы еңбектің өзі бөлек әңгіме. Кеудесінде патриоттық сезім оты лаулаған жастар мен орта буын кеудесін от пен оққа тосса, ел қорғаушылардың киімі бүтін, қарны тоқ болуы – еңбектеген бала мен еңкейген қарттың тылдағы тіршілігінің нәтижесі еді.
Мерекелік іс-шарада тыл ардагері сұрапыл жылдарда бастан өткендерді балалармен бөлісіп, ауыр жылдарды күрсініспен еске алды. Бейбіт аспан астында еркін өскен бүгінгі ұрпаққа артылар үміттің жеңіл еместігін айтып, ел болашақтарына ақ батасын берді. Ендігі ұрпақ соғыс дегенді ешқашан көрмеуін тілек етті.
№35 И.Тоқтыбаев атындағы және №131 Т.Қозыбаев атындағы мектеп оқушылары ардагерге құрмет көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Ауданның «Құрметті азаматына» көкейлеріндегі сұрақтарды қойған балалар емін-еркін әңгіме құрып, мерекелік көңіл-күйді сезіне алды.
Кездесу соңында ардагер оқушылармен бірге мұражай экспозицияларымен танысса, аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар ақсақалға шапан жауып, батасын алды. Бүгінде тоқсанның үшеуіне келген Рақымжан Әбдіхалықұлы мұражайдың «Құрмет» кітабына пікір жазып, өз қолтаңбасын қалдырды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ