Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңару мен қарыштау баспалдағы

Жаңару мен қарыштау баспалдағы

Аудандық музейдің «Еңбек даңқы» залында «Латын әліпбиі – ел болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Санитарлық талаптар сақталған шараға аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Омаров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Е.Утебаев, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелді аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Омаров ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық са­ладағы іс-қағаздар мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиіс екенін атап айтты. Бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, осы бағытта ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне әкелері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуіне жол ашады» деп атап өтті. Сол себепті біздің алдымыздағы мақсатымыз айқын. Қазіргі кезде қоғам үшін латын әліпбиін үйрену қиындық тудырмайды. Латын әліпбиіне оралу біз үшін экономикалық, саяси, мәдениет жағынан оң өзгерістер алып келіп, тәуелсіз еліміздің беделін одан сайын арттыра түседі, – деді аудандық тарихиөлкетану музейінің директоры Марат Жүсіпәліұлы. Шарада аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әйгерім Мұхамеджан «Латын әліпбиі – жаңару мен қарыштаудың бір баспалдағы» және аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Қуандықова «Латын әліпбиі – өзекті мәселе» тақырыбында хабарлама жасады. Олар өз баяндамаларында латын қарпін кеңінен қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре алатынымызды тілге тиек етті. Дөңгелек үстел барысында шараға қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салып, латын графикасына көшу жұмыстары кеңінен насихаттала беретінін жеткізді.

Гүлсім ӘЛЖАНОВА 
19 қыркүйек 2020 ж. 413 0