Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасыр куәгері

Ғасыр куәгері

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық қарттар күніне орай «Өмір жолы – өнеге» деген тақырыппен танымдық іс-шара өткізілді. Соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыровтың құрметіне арналған кешке аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Марат Омаров, аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, сала мамандары мен оқушылар қатысты.
Батагөй ақсақал Яхия Тасыров іс-шара барысында қиындық пен тау­қыметке толы өмір жолын көпшілікке ай­тып берді.
– Балалық шағымнан әкемнен ерте айырылып, қиындықты көп көр­дім. Жоқшылықтың зардабын тартып, оқуға деген мүмкіндік болмады. Ел асып, Ташкентте өзге ұлттар арасын­да тәрбиелендім. Оқуға құштар болғаным соншалық, ұстаздардан қайт­сем де білім аламын деп сөз бердім. Арманым орындалып, бір жылдары бұ­йырған мамандықты игеріп шықтым. Ашаршылықтан қиямет көрген біздер соғыс жылдары Отанды қорғауға барымызды салдық. Сібірге аттанып, жаудың бетін қайтаруға ерік-жігерімізді арнадық. Талай жауынгер қыршыннан қиылды. Әлі есімде қақаған суықтан қал­жырасақ та, елімізді жау қолына бермеу үшін кескілескен майданның бел ортасынан табылдық, – дейді соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров.
Келер жылы ғасырлық мерейто­йын тойлайтын Яхия Тасыровтың өткен өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Мектеп оқушыларымен дидарласқан қария ақ батасын берді. Өз кезегінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Марат Омаров қарияға жылы лебізін білдірді.
– Сырдария ауданының дамуы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар жеткілікті. Қызметі арқылы көптің жүрегінен орын алған тұлғалардың жас ұрпаққа кеңінен таныстыру парызымыз. Бұл ретте, қазыналы қарт, батагөй ақсақал Яхия Тасыровпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесу бақыты бұ­йырды. Ардақты ардагерді айтулы күн­мен құттықтаймын, – деді Марат Омаров.
Танымдық кеште аудандық мәсли­хат депутаты Жұмабек Ембергенов қа­зыналы қартты мерекемен құттықтап, құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Арнайы сый-сияпат ұсынды.
– «Қариясы бардың – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Қария­ларымыздың ақ батасын алып, ха­лық­қа қызмет ету – борышымыз. Бү­гінгі танымдық кеште Яхия атамыз­дың сүргелеңге толы өткен өміріне қанықтық. Әрбір сөзінен ғибрат ал­дық. Аға буынның маңдай терімен келген құндылықтарды жоғалтпай сақта­ғынымыз абзал. Қай кезде де данагөй ақсақалдарымызға құрмет көрсете бермекпіз, – деді аудандық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов.
Айта кету керек, танымдық кештің кейіпкері Яхия Тасыров музейдегі «Еңбек даң­қы» залының жұмысымен танысып, «Құрмет» кітабына ақжарма тілегін жазып қалдырды. Сонымен бірге, соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына арнап, Құран бағышталды.


Жұмабек ЕМБЕРГЕНОВ,

аудандық мәслихат депутаты 
02 қазан 2021 ж. 363 0