Өнерлі өрен
Жақында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері арасында «Ата Заңым – айбарым» тақырыбында аудандық патриоттық әндер байқауы өткізілген болатын. Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты байқау қашықтан ұйымдастырылды. Оған ауданға қарасты 23 балабақшадан 18 бүлдіршін қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Балдырғандар патриоттық әндерді шырқап, өнерлі жас бүлдіршін екендіктерін көрсете білді. Нәтижесінде, «Ақкөгершін» балабақшасының тәрбиеленушісі Нұрәлі Нұрланұлы І орынды жеңіп алды. Ал «Айгүл» балабақшасының тәрбиеленушісі Әсемай Сәбит ІІ орынды, «Балдырған» балабақшасының балдырғаны Раяна Жалғасбай ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ «Балдаурен» балабақшасынан қатысқан Мерейлім Әлиасқар, «Нұр бақыт» балабақшасынан қатысқан Мерей Берікқызы «Алғыс хатпен» марапатталды.
Аудандық кезеңде І орынды иеленген Нұрәлі Нұрланұлы байқаудың облыстық кезеңіне қатысты. Сырдариялық балғын аймақтық кезеңде де өз өнерін паш етіп, өнерлі өрен екенін дәлелдеді. «Ата Заңым – айбарым» тақырыбындағы патриоттық әндер байқауының облыстық кезеңінде де І орынды жеңіп алып, республикаға жолдама алды.
Нұрәлі Нұрланұлы – ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылындағы «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасының ересек «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушісі. Балабақша табалдырығын 3 жасынан аттап, биылғы оқу жылында №137 орта мектептің мектепалды даярлық тобына бармақшы.
Қалдыгүл әжесінің тәрбиесін көріп, аңыз-әңгімелерін, ертегілерін тыңдап өскен Нұрәлі кішкентайынан өнерлі, алғыр, тіл алғыш балғын болып өсіп келеді. Балабақшада ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларда ән айтып, өз өнерін көрсетеді. Бүлдіршін шағынан өнерлі жас бүлдіршінді тәрбиешісі, әуез жетекшісі Нәзгүл Байділдаева өнерге баулып келеді.
Аудандық, облыстық байқауда талантты екенін көрсеткен жас бүлдіршін енді республикада өнерін көрсетеді. Балғын шағынан талантымен танылып келе жатқан Нұрәлі Нұрланұлына сәттілік тілейміз.
Е.ЖАППАРБЕК