ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Қызылорда облысындағы сайлауға дайындық барысымен танысты
2026 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров инспекциялық сапар аясында Қызылорда облысында болып, 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысымен танысты.Сапар барысында ОСК Төрағасы өңір басшылығымен, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерімен, аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығына және сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығына назар аударды.
Облыстық «Сайлау үйі» ғимаратында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары басшыларының, облыстық және қалалық аумақтық сайлау комиссиялары өкілдерінің қатысуымен алдағы сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Кеңесте сайлау науқанының негізгі кезеңдерін заңнама талаптарына сәйкес өткізу, сайлаушылар тізімдерін өзектендіру, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау, азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруына қажетті жағдай жасау және мемлекеттік органдар мен сайлау комиссиялары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Нұрлан Әбдіров сайлау процесінің заңдылығы, ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етудің, барлық саяси партиялар мен кандидаттарға тең жағдай жасаудың, сондай-ақ сайлау комиссияларының қызметінде заңнама нормаларын бірізді қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Дауыс беру күніне дайындық мәселелерін талқылау кезінде сайлау учаскелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, электр энергиясы мен байланыс желілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне, ғимараттардағы қолайлы температуралық режимді сақтауға және мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
Инспекциялық сапардың маңызды бағыттарының бірі сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыру болды.
Қызылорда қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылып, олардың сайлау заңнамасы бойынша білім деңгейін бағалауға бағытталған тестілеу өткізілді.
Семинарға 94 комиссия мүшесі қатысты. Аумақтық сайлау комиссияларынан құралған лекторлар практикалық жағдаяттарға басымдық беріп, сайлау рәсімдерін ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігі, сайлау заңнамасының талаптарын тәжірибеде қолдану және дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі жағдайларда заңға сәйкес шешім қабылдау мәселелерін қамтыды.
ОСК Төрағасының қатысуымен аумақтық және округтік сайлау комиссияларының өкілдерімен кездесу өткізіліп, тестілеу нәтижелері талқыланды. Тестілеуге қатысқан округтік сайлау комиссия мүшелерінің білім деңгейі жақсы деңгейде сараланды.
Сонымен қатар сайлау жүйесінің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары мен салалық марапаттар мен Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, аумақтық сайлау комиссиясына ОСК тарапынан шығарылған кітаптарды тарту етті.
Бұдан бөлек, Нұрлан Әбдіров облыстық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларымен және мүшелерімен жұмыс кездесуін өткізді. Онда ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктері, комиссиялардың дауыс беру күніне дайындығы, сайлау заңнамасын қолдану тәжірибесі және сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сапар аясында ОСК Төрағасы Қызылорда қаласындағы бірқатар сайлау учаскелерін аралап, олардың алдағы дауыс беруге дайындығын зерделеді.
Сайлау учаскелерін аралау барысында дауыс беруге арналған үй-жайлардың жай-күйі, комиссия мүшелерінің жұмыс жағдайлары, қажетті құрал-жабдықтардың болуы, ақпараттық материалдардың орналастырылуы және сайлаушыларға, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелері зерделенді.
Атап өту керек, Қызылорда облысында алдағы мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізуге 9 аумақтық, 136 округтік және 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Олардың құрамында жалпы 3 453 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Аймақта 501 994 сайлаушы дауыс беруге құқылы.
Өңірде сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта облыс орталығы мен аудандарда көшпелі оқыту семинарлары ұйымдастырылып, комиссия мүшелерінің теориялық білімдерін практикалық тұрғыдан бекітуге бағытталған жағдаяттық тапсырмалар, рөлдік ойындар мен сайлау рәсімдерінің симуляциялары өткізілуде.
Сондай-ақ облыста сайлаушыларды ақпараттандыру және олардың сайлау құқықтарын іске асыруына жәрдемдесу мақсатында цифрлық сервистер қолданылуда.
Атап айтқанда, азаматтардың өз сайлау учаскесін анықтауына арналған «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» электрондық платформасы іске қосылған. Бүгінгі күнге дейін saylau.orda.gov.kz платформасы арқылы 70 мыңнан астам азамат өз сайлау учаскесі туралы ақпарат алған. Аталған сервис «Смарт Қызылорда» мобильді қосымшасында және Telegram желісіндегі @sailau_kzoBot боты арқылы да қолжетімді.
Сонымен қатар сайлау учаскелерінің орналасқан жері, сайлаушылар тізімдерін нақтылау тәртібі және дауыс беру рәсімдері туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформалар арқылы тұрақты түрде таратылуда.
Инспекциялық сапар қорытындысында сайлау науқанының барлық кезеңдерін заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастыру, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын қамтамасыз ету, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын сақтау және азаматтардың еркін дауыс беруіне қажетті жағдай жасау міндеттеріне баса назар аударылды.
Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы










