Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ана жолын қуған қыз

Ана жолын қуған қыз

Газет тігінділерін парақтап отырып 2011 жылғы 15 қазанда аудандық "Тіршілік тынысы" газетінде "Ана жолын қуған қыз" тақырыбында жарияланған шағын мақаланы көзім шалып қалды. Мақала кейіпкері бүгінде Ғ.Жанұзақов атындағы Айдарлы ауылдық клубының басшысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Анар Сраждинқызы Қалдыбаева екен.

Айдарлылық Анардың анасы, мәдениет саласының майталманы Сұлуай Зейнебекованың есімі сырдариялықтарға, оның ішінде Айдарлы ауылына етене таныс. Ол кісінің саналы ғұмыры ауыл мәдениетін көтеруге арналды. Ауылдық клуб жанынан әжелер ансамблін құрып, ауданға, облысқа танытты. Өнегелі өмір иесінің іргелі істері, жүйелі жұмыстары өз уақытысында басылым беттерінде кеңінен жарияланды. Қуанарлығы, анасының жолын қуған Анар білімін, тәжірибесін өзі туып-өскен Айдарлы ауылының дамуына арнап, еңбек етіп келеді.

Мақала авторы Шаһарбек Нұрсейітов: "Анардың алдында ұзақ жол жатыр. Өнер жолы қашанда соқтықпалы, соқпақты. Осы саланы қалап, осы мамандықты меңгергеннен кейін одан түпкі нәтиже шығару біздің кейіпкеріміздің қолынан келеді деп ойлаймыз" деп қорытындылапты. Арада тоғыз жыл өткенін ескерер болсақ, бұл ой бүгінде орындалған секілді. Өйткені, Анар Қалдыбаева қазіргі таңда облыстың ғана емес, республика сахнасында өнер көрсетіп келе жатқан Айдарлы халық театрына жетекшілік етіп келеді. Сондай-ақ ол аудандағы ауылдық клуб ұжымдарын өрге жетелеп келе жатқан сала мамандарының бірі де бірегейі. Өз саласының тәжірибелі маманы "Nur Otan" партиясының ұйымдастыруымен өткен "Праймериз" жобасында да халықтың жақсы сеніміне ие болды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
15 қазан 2020 ж. 688 0