ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРБІР ЖЕТІСТІГІНДЕ ЕЛБАСЫНЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ ЖАТЫР
Нұрсұлтан Назарбаев шын мәніндегі Елбасы деген ардақты атқа лайық кемеңгер саясаткер екенін тағы да бір дәлелдеді. Отыз жылға жуық мемлекет басында болып, қаншама қиын-қыстау жағдайлардан шашасына шаң жұқтырмай шыға білген, Қазақстанды тәуелсіздік тұғырына «мәңгілікке» қондырып, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қосқан тарлан тұлға бұл жолы да парасат биігінен таныла білді.
Бұл – әлемдік өркениеттің озық үлгісі. Осы тарихи шешім арқылы ол өзінің адамзаттық құндылықтарға, әлемдік демократиялық үрдіске, ұлттық мүддеге адал әлемдік деңгейдегі тұлға екендігін дәлелдеді. Нұрсұлтан Назарбаев басшылығы кезінде еліміздің білім, мәдениет, ұлттық рухының қаншалықты түлеп өскендігін тарата айтсақ, талай томға жүк болар еді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаладан бастау алған қазақ әліпбиін латын негізіне көшіру, әлемдегі ең озық жүз оқулықты қазақ тілінде сөйлету, қазақтың киелі жерлері, туған жерге тағзым, Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы сияқты қоғамдық сананы жаңа белеске көтеретін қаншама келелі істер қолға алынды. Осы игілікті істің заңды жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының өзінде қаншама терең ойлар мен келешегі кемел шаруалар жатыр. Сол арқылы ұлттың рухын көтеріп, кемел келешекке деген сенімін ұялатты. Демек, Нұрсұлтан Назарбаев еңбектерінде тереңнен тартып, келешекке қарай алтын арқау болып тартылған ұлттық сананың ұзақ өркендеу жолы жатыр.
Қазақстанның тарихын түгендеп, бүгінін бекемдеп, ертеңіне бағдар түзе білген тұлғаға құрмет көрсету биік мәдениет белгісі болу керек. Елбасы сондай құрметке лайық екендігін тағы бір танытып отыр.
Алма Бақтиярова,
Мәдениет саласының ардагері,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы: