Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Нарқыз

Ленин мен Лена

– Бәрі ерунда, — деді Әділ Ботпанов езуін қисайтып, — Қызыл­ордада Елена Әбдіхалықова деген айтыскер қыз бар. Соған жететін ешқайсысы жоқ. Жақында келеді, көресіңдер.

Студенттер арасындағы қала­лық айтыстан келгенбіз. Біреуіміз ана ақынды, екіншіміз мына ақынды жақтап даудырлап-ақ келіп ек, басылып қалдық. «Өй, осы Ботпановқа-ақ ешкім ұнамайды. Еленасы кім тағы? Көрерміз…».

Көп ұзамай Мұқағали Мақа­таевтың 60 жылдығына арналған республикалық айтыс болды. Қызылордадан Елена келіпті. Әділ айтса, айтқандай екен. Сөзі салмақты, әуені әдемі. Отырысы да мығым, ішкі толқуын көп білдірмейді. Сонысымен де қарсыласының мысын басып отырады. Ұтымды жауап қайтарып, әдемі жымиғанда көрерменді еліктіріп әкетеді. Тиісе сөйлеген бір-екі ақынды күліп отырып, оп-оңай «аттан аударып» тастады. Финалға Мэлс Қосымбаев екеуі шықты. Өте жарасымды, әдемі айтыс болды. Қыз қадірін білетін Мэлс:

Елена, көрінесің хан қызындай,
Сен деген жауға шапқан жалғызымдай.
Менімен белдесем деп шарт қоясың,
Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқызындай».
Елена, еркектермен
теңдес едің,
Өзіңмен баһадүрдей белдесемін.
Мен сені еркек қыз деп
бағалаймын,
Басыңды мың еркекке
бермес едім, —
деп төккенде залдағы көрер­меннің дүр сілкінгені есімде.

Кейін естісем, бұл айтысқа келу тарихы да қызық екен. Бұған Алматыда айтыс өтетіндігі туралы бір күн бұрын ғана айтылады. Пойызбен үлгермейді, ұшаққа билет жоқ. Құдай қарасқанда, бір адам билетін өткізеді де, сол Ленаға бұйырып, Алматыға жеткен ол «Қазақстан» мейманханасына орналасып, ұйқыға бас қояды. Түстен кейін Жазушылар одағына хабарласса, айтысқа қатысушылар саны тым көп болып кетіп, алдын ала іріктеу жүріп жатыр екен. Қазылар алқасында кіл ығай мен сығай отыр. Төрде отырған Фариза апай қатқыл үнмен: «Қай баласың? Қайда жүрсің осы уақытқа дейін?» – деп дүрсе қоя берді. «Елена Әбдіхалықовамын. Қызылордадан келдім. Ұйықтап қалыппын…» – деді бұл. Балалық қой, әйтпесе, ұшақтан не пойыздан жаңа түстім десе де болады ғой. Апай күйіп кетті: «Немене, қашан сенің ұйқың қанады екен деп күтіп отырамыз ба, сонда?». «Апай, мен экологиялық аймақтан келдім. Кейде осылай қатты ұйқы қысатыны бар…» — деді бұл да қарап тұрмай. Қазылар алқасында отырғандар күліп жіберді. Өзі де оқыс мырс ете қалған апай бұны біреумен айтыстырып, шамасын көргесін аламанға қосты да жіберді. Айтыстан кейін: «Айналайын, талантты бала екенсің. Хабарласып тұр…» — деп телефонын берді.

Сол кездің көрермендері жақсы біледі, Мэлс екеуінің қарсыластары бұлардың есімінен ілік іздейтін. «Өзіме өзім атты қойғаным жоқ, Үйдегі кемпір менен шалдан сұра…» — деді Мэлс бірде Мұхамеджан Тазабековке. Лена да әдемі жауап беріп, құтылатын.

Балаға ат қоюға да бір нәрсе себеп болады ғой. 1970 жылы күллі Кеңес Одағы пролетариат көсемі В.И.Лениннің 100 жылдық мерейтойын қарсы алуға әзірленіп жатты. Сәуірдің үшінші онкүндігінде босанады-ау деген әйелдердің тізімі жасалып, Мәскеуге жөнелтілді. Дәл 22 сәуір күні Қызылорда облысы Жалағаш ауданы «Коммунизм» кеңшарындағы Мәжит Әбдіхалықовтың оныншы перзенті іңгәләп, дүние есігін ашты. Қазақ әйелінің ауруханаға барып жеңілдеуі жаппай үрдіске айнала қой­маған кез ғой, ауыл акушері Мираш апай үйде босандырып, шақалақтың кіндігін кесті. Күллі КСРО тойлап жатқан мерекеде дүниеге келген балаға ырымшыл қазақ қандай есім беруі мүмкін? Ленинге ұқсастырып, Лена деді. Ресми құжатта Елена боп бекіді. Бесікте жатып-ақ шешесіне «Батыр ана» атағын ап берген сәбидің болашағы жарқын болуын тілеп еді бәрі.

Мектепте жүргенде домбыраға қатты қызықты. Тіпті түсіне де кірді. Алғашқы мүшелге толғанда автолавка жүргізетін ағасына қиғылық салды: «Домбыра аламын». Кәдімгі 25 рубль тұратын «өкіметтің домбырасы». Үйдегі Бердәлі ағасы алғашқы қағыстарды үйретті. Көп ұзамай, мектепішілік концерттерде жиі көріне бастады.

Бала күнінен жазуға құштар болды. Ау­дандық «Жаңа дария» газетінің штаттан тыс тілшісі атанды. Республикалық «Қазақстан пионері», «Пионер», «Балдырған» басылымдарында материалдары жиі жарияланатын. 1987 жылы мектеп бітіріп, бірден Алматыға, КазГУ-ге тартты. Абитуриент болып, Ақтөбеден келген әдемі сары қыз, қазақтың ғажап ақыны Жанна Елеусіз екеуі бір бөлмеде жатты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін оңтүстік облыстардан келген түлектерге Алматының қабағы салқын еді. Соның кесірі Ленаға да тиді. Ауылға келіп, күріш алқабында еңбек етті. Кейін аудандық автоклуб меңгерушісі атанды. Алыс түкпірдегі ауылдарға дейін ба­рып, концерт қойып, дамыл таппайтын бұл жұмыс мектепті жаңа бітірген қыз балаға қол емес екен. 1987 жылдың 1 желтоқсанында аудандық газеттің редакторы, ақын Асқар Кіребайұлы жұмысқа ша­қырғанда қатты қуанғаны содан. Газеттің соңғы бетіндегі «Корректор — Елена Әб­ді­қалықова» деген жазу ауылдастарының көзіне жылыұшырайтын. Келесі жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педа­го­гикалық институтының студенті атанды.


Елена туған бауырындай боп кеткен Жұбаныш Жексенұлымен қосылып ән шырқағанда, бірін-бірі толықтыра түседі.

Тоқтар Әубәкіров қалай «адай» болып кетті?

Студент күнінде Еленаның беделін көтерген өнер — айтыс. Бұл мектепте жүр­генде-ақ аудандық, облыстық ай­тыс­тарға қатысып үлгерген болатын. Оның себебі де бар. 1984-1985 жылдары республиканың түкпір-түкпірінде қазақтың үзіліп қалған байырғы өнерін қайта жалғау мәселесі қатты қолға алынды. Қабілеті бар адамға қамқорлық жасалды. Әу баста әуелі жазып алып, соны сахнада орындап шыққандар да болды. Жалағаштың талантты ақыны Мәлік Аяпов Еленаның да, қарсыласының да сөзін жазып беретін. Бұл сол «сценарийді» бұзып, арасында өз жанынан бірер шумақ қосатын болды. Онысы көрерменнің де, қазылардың да көңілінен шығып, бұған назар аударыла бастады. Жастар арасындағы облыстық айтысқа да сондай ретпен шығып еді.

Енді педагогикалық институттың атынан үлкендердің дуына араласты. Тәушен, Әселхан, Әсия апаларының жолын қуған әдемі қызды көрермен де іздеп тұратын болды. Қатимолда, Қонысбай Әбілов, Есенқұл Жақыпбек, Серік Құсанбаев, Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаровтармен бірге қасиетті өнердің көрігін қыздырып жүрді. Ақтөбеде Сабыр Адаймен айтысқан сәтінде Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арын: «Қазір Біржан мен Сара айтысының айналасында көп әңгіме жүріп жатыр. Кейбіреулер бұл айтыс мүлде болмаған, оны Әріп Тәңірбергенов жазып шықты деген пікірде. Қалай дегенде де, біздің қолымызда сол айтыстың жазбаша нұсқасы бар. Бүгінгі Сабыр мен Еленаның айтысы сол айтыстан бір де кем болған жоқ…» — деп баға бергені бар.

Айтыс — сөз барымтасы. Қарсыласың­ның қай жағыңнан, қалай «соғарын» білмейсің. Сондықтан үнемі ізденісте болуың керек. Кейде тіпті іштей қатты сасып қалғаныңды қарсыласыңа білдірмеуің керек. Сәл бүгежектеп қалсаң, көрерменің де сезе қояды. Ал тығырықтан шығар жолды екінің бірі таба бермейді. Елена сондай тапқырлығымен де ерекшеленетін.

1991 жылы Ақтауда Қашаған Күржі­ман­ұлының 125 жылдығына арналған халықаралық айтыс өтті. «Қайыртпай кеткен Қашағанның» (Әбіш Кекілбайұлы) тойына республиканың түкпір-түкпірінен 80 ақын келіпті. 40 жұп! Қазылар «Ақындар бір-бірімен келісіп, айтатынын жаттап келеді екен…» деген сөзден қашып, қарсыластарды жеребе арқылы анықтайтын болып келісті. Жеребенің реті солай болып, Лена ең бірінші болып шығатын болды. Қарсыласы — павлодарлық ақын Бейсембі. Бұрын-соңды көрмеген адамы. Айтыс алдында Құдайберген Сұлтанбаев кездесе әкетті. — Саспа, — деді ағасы дем бере сөйлеп, — бұл адай деген мықты халық, сүбелі сөзіңді естіген сәтте-ақ, қиқулап, көтеріп әкетеді. Мақтансүйгіштігі де бар, арасында әруақты ерлерін де қосып қой.

Бейсембі ағасының домбыра тартысы мен дауысы нашар болғанымен ақындығы біршама екен. Қиыстырып айтады. Екеуі біраз ырғасты. Көпшілік салмақты сөзін әдемі әуенмен әрлеп отырған бұның жағына қарай қисая берген. Сол ыңғаймен тоқтамақ ниетте еді, қарсыласы күтпеген «соққы» жасады. «Сен ғой, Сыр бойынан келіп отырсың. Кеше ғана сол жерден тұңғыш рет Тоқтар Әубәкіров атты қазақтың батыры ғарышқа ұшты. Соны неге айтпайсың?» Зал ду ете қалды. Жаңа ғана Ленаны қол­дап отырған қалың жұртшылық әп-сәтте Бейсембі жағына ауды да кетті. Жеңіс қолдан сусып барады. Ойына Құдайберген ағасының сөзі оралды. Санасында бір от жылт ете қалды. Тәуекел! Домбырасын қағып-қағып жіберді де, былай деді:

Қырандай самғайтұғын от қанатты,
Мәрттігі ұлдарыңның тоқтамапты.
Аспанға ұшып жатқан тұңғыш қазақ,
Адайдың баласы екен Тоқтар атты…
Зал дүрк көтерілді. Айқайдан құлақ тұнады. Қазақ ғарышқа ұшты деп барша Алаш баласы бірге ұшқандай боп отырғанда, ол өз ауылыңның баласы боп шықса, одан артық не керек?! Біраз адам сахнаға шығып кетті. Айтысты әрі қарай жалғастыру тіпті де мүмкін емес еді.

Халықтың осыншама ықыласын көріп, енді бұл састы. Көрермен сахнадан жіберер емес. Қайта-қайта шақырады. Бір кезде сытылып, сахнаның сыртына беттеп еді, алдынан Мэлс Қосымбаев шықты:

— Әй, Лена, «өзбекский подходты» қою керек қой, — деді ақсия күліп. Сөйтсе, ол Тоқтар Әубәкіровтің руын біледі екен. Бұл білмейді ғой.

— Қайтейін енді, залдан жасалған «адайский атакаға» шыдай алмай, «өзбекский подходты» іске қостым, – деді бұл күліп.

Айтыстан соң «Ақтау» қонақүйіне беттей беріп еді, бір шал алдын кес-кестеді:

— Шырағым, сен жаңа Тоқтарды адай дедің бе, қай адай екен, ә?

— Ата, ғарышкерлер Байқоңырға алдын-ала келеді ғой. Рас-өтірігін білмеймін, сондай сәттердің бірінде кездескен кісілерге өзі адаймын депті, қай адай екенін білмедім, — деді бұл екіұштылау ғып…

Еленаның осы әңгімесін марқұм Әбіш Кекілбайұлы қайта-қайта айтқызып, рахаттана күлетін. Әр тыңдаған сайын, тура бірінші рет естіп отырғандай мәз болатын жарықтық.

Қайта жаңғырған төл өнеріміздің алғашқы қарлығаштарының бірі болып, оның дамуына бір кісідей үлес қосқан Елена кейін айтыс сахнасынан саналы түрде кетті. 70-ке жуық айтысқа қатысып, көрерменнің ықыласына бөленген ол кейін «Сыр сүлейлерінің жазба айтысы» атты кандидаттық диссертация қорғады. Сөйтіп, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Шоряқтың Омары, Қарасақал Ерімбет сықылды дүрлер негізін салған жазба айтысты ғылыми айналымға түсірді. Жазба поэзияға ден қойды.

«Көздеріңе ғашықпын»

«Сыр елі — жыр елі» дейді қазақ. Бұнда туған ұл мен қыздың ұлы дария — жырға елеңдемейтіні аз. Ең жаманы, жақсы тыңдарман болып шығады. Лена да бір кезде жыршылық өнерге ден қойғысы келген. Мәлік Аяпов ағасы мүлде басқа бағытқа жол сілтеді. Ән. «Көңіл сыры» атты өлеңін ұсынған. Соған ән жазды. Кейін Рамазан Стамғазиев орындаған алғашқы әні осылай жазылып еді. Он жеті жасында тұңғыш рет ғашық болды. Оны көргенде жүрегі атқақтап кететін. «Қарап қалсам, өтесіз, көрмегенсіп, Оңбағансыз, не деген… Кешірерсіз…» — деп Күләш апасы жазғандай, анау да нағыз… «оңбаған» екен. Жолы жіңішке, қазақы тәрбие көрген қыз бала сезімін қалай жеткізе алсын? Көкірегінде ән бүр жарды. Енді сөз керек. «Ауыл кеші көңілді» атты кітапты ақтарып отырып, бір әннің мәтініне көзі түсті. «Көздеріңе ғашықпын». Авторы — Ұлықбек Есдәулет. Құдай-ау, мынау тура өзі жазуға тиіс сөз ғой. Жүрегіне маза бермеген әнге салып көріп еді, о, ғаламат, ғажап үйлесе кетті. Осы сөзге ән жазған Қонысбай Әбіл ағасынан іштей кешірім сұрай отырып, өз әнін сахнаға шығарды. Сол-ақ екен, «Көздеріңе ғашықпын» байтақ Қазақстанды аралап кете барды. «Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн, Көздеріңе ғашық болып өтсінші…» — деп біз де талай үздіктік. Еленаның сол тоқсаныншы жылдарда Мұқағалидың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың…» атты әні де біздің жүрек қылымызды дәл басып еді. Былтыр Лена жеке концерт қойып, Ақтөбе облысының аудандарын аралағанда байқадым, осы екі әнді сұрайтындардың әлі де қарасы қалың. Жұрт қосыла шырқайды.

Қазақта оқудан шығып кеткен ақын еркек көп. Кей ортада бұл жайт тіпті мақ­танышпен де айтылады. Пәленше он жыл, түгенше он бес жыл оқыпты дегенді талай естідік. Ал ақын қыздардың арасында тәртіпсіздік жасап, оқудан шыққаны жоқтың қасы. Біздің Лена соның басы бола жаздады. Бұның ылғи айтыста жүретіні, әндері республикалық сахналарда шырқалып жатқаны кейбіреулерге ауыр тисе керек, белгілі бір топ бұның соңына шам алып түсті. «Сабаққа келмейді…», «Өзін жұлдыз санайды…», «Адам менсінбейді…», пәлен де түген. Әрі әйел затының үстінен «кірдің суын» төге салу аса қиын шаруа емес қой. Қатты қорланды. Мінезінің жібек емес екені рас. «Ә» десе, «мә» дейтінін де жоққа шығару қиын. Бірақ әдептен озбағаны, бүгін өліп қалса да, тексіздікке бармайтыны хақ. Бірақ аналар қоймады. Оқудан шығаруға алып келді. Не істеу керек? Алматыға барып, Білім министрлігінде істейтін Шәмша Көпбаеваның көмегімен Орал педагогикалық институтына ауысатын болды. Ол оқу орнының ректоры Ұзақбай Ырысбеков бұны бұрыннан білетін. Мэлс екеуінің Оралда кешін өткізген. Талантты қыздың өз оқу орнына ауысатынына ол дән риза.

Мәселе шешілсе де, іші әлем-жәлем. Өзі талай дүбірлі додада атын шығарған Қызылордасы бұны ит қосып қуып отыр. Әрине, тұтас халықтың жазығы жоқ қой, ат төбеліндей топтың әрекеті де. «Мені елден айырған…» — деп күңіренген Махамбет бабасының күйін кешті. Әке-шеше, бауырларын да қимайды. Бірақ кету керек. Кеткенде де, елге өкпе артпай, керісінше, алғыс айтып аттануы шарт. Бұны осы дәрежеге жеткізген, Елена Әбдіхалықова атандырған осы қасиетті топырақ қой. Ендеше, алақандай топқа бола, абыз жұртына неге ренжуге тиіс? Іштей күбірлей берген. «Сыр елім менің, Жыр елім менің…». Ән туды. Қанша күн ұйқы бермеген ішіндегі өкпе, нала, реніш атаулыны сол ән жуып кеткендей жеңілдеп қалды. Енді алаңсыз аттана беруге болады.

Бірақ Тәңір Тағаланың ұйғарымы бөлек екен. Адам баласының бір бақыты өмірінің келесі сәтінде не болатындығын білмейтіндігінде ғой. Аяқ астынан облыс­тық әкімдікке шақыртты. Облыс әкімінің орынбасары Бибіжан Жәукебаева ықыластана қарсы алды. Қызылордаға бес мемлекеттің президенті келіп, Арал проблемасын талқылайды екен. Үлкен оқиға. Сыр елінің маңдайалды ақыны Елена Әбдіхалықова сол мәртебелі жиында бес мемлекеттің басшысына арнау айтуға тиіс. «Жоқ, мен айта алмаймын…» — деді бұл. «Неге?». «Біріншіден, мені оқудан шығарып жіберген. Екіншіден, мен енді Орал педагогикалық институтының студентімін. Бұйрық шығып қойды. Пәлен күні сабаққа кірісуім керек…». Мына жағдайдан мүлде хабары жоқ Бибіжан апасы қатты састы. Дереу облыс әкімі Сейілбек Шаухамановқа кіріп шықты. Сосын өтінішін айтты: «Сен енді осы шараға қатыс. Қалғанын кейін сөйлесерміз…».

Бірнеше күн Сыр елінің өнерпаздары мәртебелі меймандардың алдында өнер көрсетті. Әсіресе, Еленаның арнауы Нұрсұлтан Әбішұлына қатты ұнады. Кейін жеке шақыртып алып, сөйлесті. Әке-ше­шесі, өскен ортасы, тіпті ауылының облыс орталығынан қанша шақырым екендігіне дейін тәптіштеп сұрады. Сыр елінің жыршылық дәстүрі, ән өнері туралы жетік біледі екен, арасында бұны да сөйлетіп, пікірін тыңдайды. Қол созым жерде Ұзақбай Қараманов, Сергей Терещенко, Сейілбек Шаухамановтар да екеуара әңгімеге ықыластана құлақ түріп отыр. Бұл асып-сасқан жоқ, берілген сұрақтың бәріне орнықты жауап берді. «Ел боламыз десек, осындай балаларға жағдай жасауымыз керек…» — деді Президент бір кезде облыс әкіміне қарап. Берген батасы іспетті еді.

Екі-үш күннен кейін Бибіжан апасы қайта шақыртты. Облыс әкімі бұның Мем­лекет басшысының алдында өзін қалай ұстағанына, әсіресе, жеке басының проблемасы туралы ләм-мим демегеніне қатты риза болған көрінеді. Пединститут басшылығын шақыртып алып, «дұрыстап» сөйлескен сықылды. Көп ұзамай оқуына қайта қабылданып, үш бөлмелі пәтерге ие болды. Адамның басына бақ қонуы әп сәтте екен ғой. Осының бәрі кіндік кескен жұртына деген ыстық ықыласынан шығар. Айтпақшы, ол сол кезде Сыр еліне арнаған әнінің кейін осы өңірдің бейресми әнұранына айналарын білген жоқ-ты.

Сырдан кейін Еленаның қатты іздейтін өңірі — Маңғыстау. Әбіш ағасымен етене араласып, әңгімелерін көп тыңдағандықтан ба екен, мұнайлы мекенге бүйрегі бұрып тұрады. 1998 жылы «Маңғыстау» атты ән жазды. Сөзін үш қиянның әрбір төбесінің тарихын білетін шайыр Светқали Нұржан жазған әнді қазір қасиетті түбектің кәрі-жасы түгел айтады.

Әнді өте сирек жазады. Сөзіне қатты мән береді. Жүрегін қозғауы керек. Осы күні «әнге арналған сөз жеңіл болуға тиіс» деген ұғым қалыптасып қалды ғой. Бұл керісінше ойлы мәтінге ұмтылады. Төлеген, Мұқағали, Есенғали, Тыныштықбек, Свет­қалилардың жырларына жиі үңілетіні содан. Жастардан Ерлан Жүніс пен Мирас Асанның, Танакөз Толқынқызының поэзиясын әнге айналдырды. Әсіресе Ерланның сөзіне жазылған «Сағыныш-ғұмыры» тұла бойыңды шымырлатып, тәп-тәтті мұңға бөлейді.

Баяғыда КазГУ-дың талапкері болып, жатақханада жатқанда қалашықты «әнмен қырған» Табылды Досымов туралы естігені бар. Екеуі содан 1992 жылы ғана Алматыда өткен ән байқауында кездесті. Бір-бірінің атына сырттай қанық екеуінің әңгімесі жараса кетті. «Мен сені қарындасым емес, інім деймін…» — деген Табылды қатты риза болып. Өле-өлгенше солай атап кетті. Нағыз дос еді. Табылдының рухына арналған «Досқа арнау» атты әнін айтқанда, көзіне еріксіз жас құйылады. Досымовтың бірнеше әнін репертуарына енгізіп, үнемі айтып жүретіні де әруаққа деген құрметі.
Қазір әнші біткен сахнаға шыққанда фонограммаға жүгінеді. Бұл «жанды дауыспен» концерт беремін дегенде ең жақын деген жанашырларының өзі қарсы шықты. «Ұятқа қаласың» деген. Қайтпады. Алматыда, Елордада өткен концерттерінде ине шаншар орын болған жоқ. Оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқады. Көрерменнің арасында маңдайы жарқырап Әбіш ағасы, Елордаға келгелі анасындай қамқор болып, сырлас құрбысындай жанын түсіне білген Фариза апасы отырғанын еске алса, бүгінде ішінде бірдеңе үзіліп кеткендей болады.

Жақсылардың «сарқыты»

Білмейтін адам Ленаны тәкаппар деп ойлайды. «Ол кісі тым суық қой…» — деген жастардың пікірін талай естідім. Тіке айтып тастайтыны көп адамға ұнамайды. Құлағы қалтасына біткен кейбір шенеуніктерді Фариза апасы секілді ықтырып алатын сәтін өзім де көрдім. «Қорықпай сыйлағаның құрысын…» — деп адай Мәтжан би айтқандай, кейде бұндай мінез де керек.

Әнін ешкімге бермейтінін де жиі айтады жұрт. Эстрада әншілерінің көбі бұның атын естігеннен айнала қашатыны да рас. Біразы әнін сұрауға да қорқады. Бұл да бейілді емес. Бояуын жоғалтпай, шырайын шығарып айтатын әнші болса, неге бермесін. Кезінде Мәдина Ерәлиева қалай шырқады? Мақпал Жүнісова,Рамазан Стамғазиев, Жұбаныш Жексен, Дәурен Сейітжанов, Тахауи Рахметов, Арайлым Ыбыраевалар секілді нәшіне келтіріп айтатындар болса, кәні?

«Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» деген шығармасын оқысаңыз, Ақан мен Біржанның арасындағы диалогта біреуі: «Ән деген — зар», — дейді. Біреуі: «Ән — мінәжат. Ән жазған адам намаз оқымай-ақ қойса да болады», — дейді. Қазақ қарны шіреп тойғаннан, күмпиіп байығаннан ән жазған халық емес қой. Қайғырғаннан ән жазған. «Елім-айды» алып қараңыз. Әдебиетіміз бен тарихымызға көз жүгіртсек, қазақтың басында кілең аласапыран алма­ғайып уақыт, шапқыншылық кезең, ел мен жер үшін күрес, соған байланыс­ты туған жоқтау, зарлау өлеңдер. Рас, қазақ қымызды ішеді, қызға ұрын барады, келіншекті қалжыңмен қағытады. Бірақ әдебиетке келгенде қазақ ондай мастыққа бармаған. Әдебиетінің әр жолын қорғасындай салмақты сөзбен құйып бекіткен. Сол секілді мен де жырларымды, әндерімді ішім пысқаннан, көңілім көтерілгеннен жазбаймын. Өзім қандаймын — жырларым да сондай. Ән адамға ой салуы керек. Жан дүниесін астаң-кестең етіп, толқытып-тебірентіп, түрлі сезімге бөлеу керек. Тыңдаушы сол әннен өзін тапса, өзін таныса, тіпті керемет».

Бұл — Ленаның «Халық сөзі» газетінің тілшісі Айгүл Аханбайқызына берген сұхбатынан үзінді. Міне, өзі осылай қадірлейтін әнді кім көрінгенге ұстата салса, Елена Әбдіхалықова аты қайда қалмақ. Өз әнін көбіне өзі орындайтыны да содан. Туған бауырындай боп кеткен Жұбаныш Жексенұлы екеуі шырқағанда бірін-бірі толықтыра түседі.

Қазір өзін күрескер санайтын жан көп. Әлеуметтік желіде айқай салғандардың дені өзін «халық батыры» санайды. Өздері барлық салада бірдей «соғыс салатын» әмбебап және. Бірақ күресу деген — тек айқай, дәлірек айтсақ, байбалам салу емес қой. Әр саладағы тексіздікке биік парасатын қалқан ғып жүргендер де бар. Мысалы, Лена ән өнеріндегі бейбастықпен жақсы ән тудырып, тыңдарманның жүрегін тазарту арқылы алысып келеді. Адамның жаны үшін күрес жүріп жатқан заманда бұл аз ерлік емес.

Фариза апасы Атыраудағы өткізген бір кешінен соң туған жерінің азаматта­ры мінгізген көлікті жұрттың көзінше Еленаға сыйлады. Осындай талантты қыз­ға жұрттың назары ауа берсін дегені де. Абыз Әбіш бұның әнін сүйсіне тыңдап, маңдайынан сүйетін. Ғаламат ұстаз Алма Қыраубаеваның да дарынды сіңлісіне деген ықыласы бөлек еді. Тау Табылды мен қазақ әнінің Ақбаяны атанған Мәдина да жоқ бүгінде. «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» — деп Мұхаң жырлағандай, сол жақсылардың «сарқыты» боп өзі қалды. Талағында биті бар ұл-қыз бұны жиі үйірсектейді. Әңгімесін тыңдауға асығады. Осылай жалғаса береді екен ғой, өмір.

…Пенде болғасын, ішің тоңып жүретін сәттер көп. Кейде ішкі энергияң сөніп бара жатқан кезде жанталасып біреуді іздейсің. Сөйлескеннен кейін өмірге деген құлшынысың қайта оянады. Мен үшін сондай адамның бірі — Елена! «Басыңды мың еркекке бермес едім». Мэлс тауып айтқан, ә?!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

20 мамыр 2020 ж. 792 0