Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың сары келіні

Сырдың сары келіні

 ...Лена жеңгеймен әңгіме-дүкен құрғанда расымен қазақтың қызы екен деп қаласыз. Әңгімесіне бір «бөтен» сөз араластырмай, келген қонағына қазы-қартасын, жал-жаясын ұсынатын жеңгейді қоғалыкөлдік Бақтияр ағамның босағасын аттағанына да отыз үш жыл толыпты.

Ресейдің сонау Киров облысына қарасты Афанасьев ауданының Митроково деревнясында туып-өскен сары қызды Сырдарияның Қоғалыкөліне ке­лін болады деп кім ойлапты?! Ар­ман қуып, оқуға аттанған екі жасты тағдыр Киров облысында табыстырды. 1986 жылы шаңырақ көтеріп, екі жылды сонда өткізді.

– Осында келгенде «ар­қа­сүйер ағаң болайын» деген құрдасымыз Зият мені әлі күнге қарындасым дейді. Содан найман атанып кеттім, қорасан қожаның келінімін. Отағасым салт-дәстүрді санама сіңірді, үлкендердің тәрбиесін көрдік, – деген Елена Алексеевна содан бері туған жеріне бірде-бір рет бармапты.
Заман жаңарып, технология дамыған уақытта бауырларымен телефон, интернет арқылы хабарласып тұрады. Отыз жылдан бері сіңісіп кеткен әулетінің той-томалағында келін болып қызмет қылған оның бос уақыты да жоқ. Айтпақшы, Елена жеңгей кейінгі алты жылдан бері бес уақыт намазды қаза қылмай келеді. «Мені бөтен көрмей, ақ батасын берген анамызға алғыс. Халқыма рақмет» дейді ақ жүрегінен алғысы төгілген ана.

Үйіне қанша барсақ та, қонақ қылып күтетін әдетімен тағы да шәй қамына кірісіп кетті. Дастарқаны жиылмайтын үйге бақ тұрақтайды деуші еді... Тағы бір мәрте іштей сүйсіндім.

syrboyi.kz
28 ақпан 2019 ж. 964 0