Айдарлының азаматы

Тағылымды кешті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ашып, Айдарлының ардақты азаматы Қ.Айтбайұлының өнегелі өмір жолына тоқталды. «Азаматтың асыл мұраты – халық қамы, елге қызмет ету» болса, ғибратты ғұмыр иесі қырық жыл комсомол, кәсіподақ, партия, кеңес, шаруашылық саласында басшылық қызмет жасап, туған елінің құрметіне бөленді.
Қ.Айтбайұлы өзінің өнегелі өмір жолында Кеңес Одағының батырлары Нағи Ілиясов және Жақыпбек Махамбетовпен қызметтес болып, олардың тәлім-тәрбиесін алды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мерейтой иесі Қ.Айтбайұлына аудан әкімі Р.Рүстемовтің құттықтау хатын салтанатты жағдайда табыс етті.
Тартымды кеште ардагерді Айдарлы аулылының тумасы, қоғам қайраткері, Саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, ардагер-журналист Мүсілім Қалмұратұлы құттықтап, игі тілектерін арнады.
Қ.Айтбайұлы аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, «Комсомол» кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы, Сырдария аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Айдарлы ауылдық кеңесінің төрағасы болып, абыройлы қызмет жасады. Соңғы қызметінде туған ауылы Айдарлыда халық театры мен селолық амбулаторияның ашылуына ұйытқы болды. Сондай-ақ 15 жыл ауылдық ардагерлер кеңесін басқарды. Ғибратты ғұмыр иесі шығармашылықпен де айналысады. Қалдыбек Айтбайұлының еліне еңбегі сіңген тарихи тұлғалар жайлы естеліктері мен өлеңдері жиырмадан астам кітапқа енгізілген. Жүзден астам мақаласы аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарық көрді. «Айдарлы» атты тарихи-танымдық кітаптың авторы. Осындай шығармашыл тұлғаға арналған аудандық жазба ақындардың мүшәйрасы жоғары деңгейде өткізілді. Онда кент пен ауылдардан келген 12 талапкер ақын бақ сынады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, ұйқасы мәнді, сөздері дәмді шыққан жыр жүйріктері жүлделі орындарды еншіледі. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге амангелділік Жұмағазы Оразов лайық деп танылды. Жүлделі бірінші орынды айдарлылық Салтанат Торғаева иеленді. Екі екінші орынды Тереңөзек кентінен Зарина Жарболова мен Н.Ілиясов ауылынан Гүлбану Сембиева өзара бөліссе, үшінші орынды жетікөлдік Гүлсая Азаматқызы еншіледі. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыға арнайы диплом мен алғыс хат, сыйлық берілді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ