Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыршыл ақын Сейітмұрат

Сыршыл ақын Сейітмұрат

«Сыр елі – жыр елі» дегендей, аудандық ор­та­лық кітапхана жүйесі осы өлкеде кін­дік қаны тамып, дүниеге келген ақын-жазу­шы­лардың шығар­маларын насихаттау мақ­сатында 2016 жылы «Өлке болып оқимыз» атты жобаны қолға алған болатын. Осы жоба аясында 2016 жылы Асқар Тоқмағамбетов, 2017 жылы Танаш Дәуренбеков, 2018 жылы Қуаныш Баймағамбетов, 2019 жылы Әбділдә Тәжібаев шы­ғармалары кеңінен насихатталды. Ал 2020 жылы жергілікті ақын Сейітмұрат Ембергеновтың ғибратқа толы еңбектерін жыл бойы насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық кітапхана қызмет­керлері ұйымдастырған «Даналық дәстүрді жалғастырған ақын» атты әдеби-жыр кеші­не ақын­ның көз көрген­де­рі, ұр­пақтары, кітапха­на қыз­мет­­кер­лері, оқырман, жал­пы жыр сүйер қа­уым жи­нал­ды. Қай ақын-жа­зушы болмасын, оның нәр алатын тұғыры – туған то­пырағы мен өскен өңірі. Шығармашылық кештің өзе­гі болып отырған ақын Сейітмұрат Ембергенов Тереңөзек топырағында дү­ние­ге келген. Ал бұл өлке бір кезде елдің астанасы атанған Ақмешіттің батысында орна­лас­қан, сол тарихтың бәріне куә болған киелі өңір. Әрі-беріден соң бұл өлке әдебиет пен өнердің алтын қазығы десек те болады.
Кеш шымылдығын ақынның немерелері А.Еркебұланова мен Е.Нұржігіт «Арнау» өлеңдерімен ашты. Мұнан соң ақынның сөзіне жазылған «Өз үйім», «Сырдария – Жырдария» әндерін жергілікті композитор Серік Байдәулетов орындап, игі шараның шырайын аша түсті. Кеш барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, ақынның қызы А.Ембергенова, аудандық газеттің жауапты хатшысы Ш.Балтабайұлы, ақынның өмірдегі және өнердегі досы О.Беспаевтың қызы Г.Оразбекова жарқын естеліктер айтты.
«Ақын болу міндет емес, азамат болу – парызың» дегендей, С.Ембергенов сегіз қырлы, бір сырлы болған жан. Ол ағаш ұстасы, суретші, электрші, құрылысшы. Жаны сұлу адамға табиғат дарынды аямай берген. Осындай таланттың арқасында өзі еңбек еткен жерінде сыйлы болған.
– Сейітмұрат ағамен №126 орта мектепте және аудандық партия комитетінде бірге жұмыс жасадық. Он саусағынан өнер тамған шебер еді. Мектептің, аудандық партия комитетінің барлық көрнекі құралын бір өзі жасайтын. Кейін аудандық музейді құру туралы бастама көтеріп, қоғамдық негізде барлық жұмысын ұйымдастырды. Бүгінгі «Парасат» алаңының идеясын айтқан да Секең болатын, – деп еске алды Х.Әбенұлы.
Игі шара барысында О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің «Тіл дарын» үйірмесінің мүшелері ақынның «Қазақпын», «Әлім­сақтан мұсылманмын», «Қалжан ахун», «Парасат» атты өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыды.
С.Ембергенов – ақын ғана емес, проза жанрына да қалам тер­беген қарымды қаламгер. Оның «Мен Асқар ауылынанмын» атты кітабы – шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі. Мұнда өзі туып-өскен орта, сол ортаның тәлім-тәрбиесі, азаматтық қасиеттермен ерекшеленетін ауыл адамдарының тірлігі шебер тілмен сурет­теледі. Ақын С.Ембергенов белгілі композитор Р.Таймановпен шы­ғар­машылық бірлікте сазгердің көптеген әнде­ріне өлең жазды. Сондай сыршыл «Қызылорда жастары» әні сонау Эстония елінде орындалыпты кезінде.
Игі шараны аудандық орталық кітапхана директоры Г.Нұржа­киева қорытындылап, «Өлке болып оқимыз» жобасының аудан кө­лемінде кеңінен қолдау тауып отырғанын, оның оқырманға рухани азық екендігін атап өтті.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

04 ақпан 2020 ж. 1 055 0