Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » "Өлке болып оқимыз" жобасы аясында

"Өлке болып оқимыз" жобасы аясында

"Сыр елі – жыр елі" дегендей аудандық орталық кітапхана жүйесі осы өлкеде кіндік қаны тамып, дүниеге келген ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында 2016 жылы "Өлке болып оқимыз" атты жобаны қолға алған болатын.

Осы жоба аясында 2016 жылы Асқар Тоқмағамбетов, 2017 жылы Танаш Дәуренбеков, 2018 жылы Қуаныш Баймағамбетов, 2019 жылы Әбділдә Тәжібаев шығармалары кеңінен насихатталды. Ал 2020 жылы жергілікті ақын Сейітмұрат Ембергеновтың ғибратқа толы еңбектерін жыл бойы насихаттау мақсатында оның беташар шарасы өткізілді.
Аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған "Даналық дәстүрді жалғастырған ақын" атты әдеби-жыр кешіне ақынның көз көргендері, ұрпақтары, кітапхана қызметкерлері, оқырмандар, жалпы жыр сүйер қауым жиналды.

Қай ақын жазушы болмасын, оның нәр алатын тұғыры туған топырағы мен өскен өңірі. Шығармашылық кештің өзегі болып отырған ақын аға Сейітмұрат Ембергенов Тереңөзек топырағында дүниеге келген. Ал бұл өлке бір кезде елдің астанасы атанған Ақмешіттің батысында орналасқан, сол тарихтың бәріне куә болған киелі өңір. Әрі-беріден соң бұл өлке үлкен әдебиет пен өнердің құшағында күлше болып пісіп жетілген, ырысымыздың алтын қазығы десек те болады.

Кеш шымылдығын ақынның немерелері А.Еркебұланова мен Е.Нұржігіт "Арнау" өлеңдерімен ашты. Мұнан соң ақынның сөзіне жазылған "Өз үйім", "Сырдария – Жырдария" әндерін жергілікті композитор Серік Байдәулетов орындап, игі шараның шырайын аша түсті. Кеш барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, ақынның қызы А.Ембергенова, аудандық газеттің жауапты хатшысы Ш.Нұрсейітов, ақынның өмірдегі және өнердегі досы О.Беспаевтың қызы Г.Оразбекова жарқын естеліктер айтты.

"Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың" дегендей С.Ембергенов "сегіз қырлы, бір сырлы" болған жан өмірде. Ол ағаш ұстасы, суретші, электрші, құрылысшы. Жаны сұлу адамға табиғат дарынды аямай берген екен. Осындай таланттың арқасында өзі еңбек еткен жерінде сыйлы болған.

– Сейітмұрат ағамен №126 орта мектепте және аудандық партия комитетінде бірге жұмыс жасадық. Он саусағынан өнер тамған шебер еді. Мектептің, аупарткомның бүкіл көрнекі құралдарын бір өзі жасайтын. Кейін аудандық музейді құру туралы бастама көтеріп, қоғамдық негізде барлық жұмысын ұйымдастырды. Бүгінгі "Парасат" алаңының идеясын айтқан да Секең болатын, – деп еске алды Х.Әбенұлы.

Игі шара барысында О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің "Тіл дарын" үйірмесінің мүшелері ақынның "Қазақпын", "Әлімсақтан мұсылманмын", "Қалжан ахун", "Парасат" атты өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

С.Ембергенов ақын ғана емес, проза жанрына да қалам тербеген қарымды қаламгер. Оның "Мен Асқар ауылынанмын" атты кітабы шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі. Мұнда өзі туып-өскен орта, сол ортаның тәлім-тәрбиесі, азаматтық қасиеттермен ерекшеленетін ауыл адамдарының тірлігі шебер тілмен суреттеледі. Ақын С.Ембергенов белгілі композитор Р.Таймановпен шығармашылық бірлікте сазгердің көптеген әндеріне өлең жазды. Сондай сыршыл "Қызылорда жастары" әні сонау Эстония елінде орындалыпты кезінде.

Игі шараны аудандық орталық кітапхана директоры Г.Нұржакиева қорытындылап, "Өлке болып оқиық" жобасының аудан көлемінде кеңінен қолдау тауып отырғанын, оның оқырмандарға рухани азық екендігін атап өтті.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
03 ақпан 2020 ж. 879 0