Ақжармадағы айтулы іс-шара
Аудандық газетті елу жылдан бері үзбей оқимын. Жаңалықтардың жаршысы болған басылымның мен үшін орны ерекше. Тек соңғы жылдары денсаулығыма байланысты көзім көріңкіремей аудандық газет редакциясымен әріптестік байланысты дұрыс орната алмай жүрмін. Десе де ауылдың жаңалықтарын басылымға ұсынғанды жөн көремін.
Бұл жолы қолға кештеу қалам алуымның да себебі – денсаулығымның нашарлығы. Бірақ «Ештен кеш жақсы» демекші, жақсының жақсылығын айтуды, дәріптеуді өзіме парыз санаймын. Бұл іс-шараның ұйымдастырылғанына бір айдан аса уақыт өтсе де әлі күнге көңілімізді қуанышқа кенелтеді. Себебі біз Наурыз мерекесі аясында Ақжарма ауылындағы айтулы іс-шараның куәсі болдық.
Ауылдағы іс-шара аудандық мәслихат депутаты Марат Бисеновтің демеушілігімен өткізілді. Оған ауыл ардагерлері, мекеме қызметкерлері, тұрғындар қатысып, көрермен болды. Іс-шара барысында «Ақ әжелер» ансамблі, ауылдық емхана, «Бүлдіршін» балабақшасы және №130 Абай орта мектебінің ұжымы ұлттық құндылықтарды паш етіп, өзара сайысқа түсті. Байқау ретінде ұйымдастырылған іс-шараны ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов ашып, өңірде, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті. Ал қатысушылардың өнерін еңбек ардагері Құдаш Шыманов бастанған Әйгерім Асқарова есімді ауыл келіні үшеуміз бағалап, қазылық жасадық.
Байқау барысында ұжымдар ән айту, би билеу, салт-дәстүр көрсету және көрініс қою бойынша өз өнерлерін көрсетті. Әр ұжым ерекше жауапкершілікпен, белсенділікпен қатысып, көрерменге қуаныш сыйлады. Әсіресе емхана ұжымы атақты Тұрсын Балапановтың шөбересі Дарын Әләйдарды бесікке салып, тұсауын кесті. «Ақ әжелер» ансамблі әуелете ән шырқап, барлық кезеңде үздіктер көшін бастаса, мектеп пен балабақша ұжымы жаңашылдығымен танылды. Нәтижесінде бірінші орынды «Ақ әжелер» ансамблі иеленді. Екінші орын емхана ұжымына берілсе, №130 Абай орта мектебінің ұжымы үшінші орынмен марапатталды. Ал «Бүлдіршін» балабақшасының қызметкерлеріне ынталандыру сыйлығы табысталды. Жеңімпаздарға тиісті сый-сыяпат берілді. Осылайша ауыл халқы қуанышпен тарқасып, марқайып қалдық. Аудандық газетке осы жаңалықты жариялап, азаматтардың еңбегін оң бағалағанды жөн көрдім.
Қынаш ӘУЕЛБЕКОВА,
аудандық газеттің
тұрақты оқырманы