Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА КЕҢКӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА КЕҢКӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ


Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі Сырдария ауданында кеңкөлемде аталып өтіледі. Жаңа жылға байланысты өткізілетін мәдени көпшілік, спорттық, қоғамдық іс-шаралар жоспары қазіргі таңда аудан әкімімен бекітілді. Аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерді қамтитын іс-шаралар 14-22 наурыз күндері аралығында ұйымдастырылуда. Мәселен, бүгінде күн сайын Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Наурыз – береке мен бірліктің, ізгіліктің бастауы!» атты көрме ұйымдастырылуда. Көрмеге келіп, ұлттық жәдігерлермен, айшықты мерекенің тарихымен танысушылардың қарасы қалың. Ал, аудандық кітапхана ұжымы 20 наурыз күні салт-дәстүр кешін өткізбек. Сонымен қатар, аудандық балалар кітапханасында, аудандық оқушылар үйінде, барлық білім беру ұйымдарында және балабақшаларда 19-21 наурыз күндері аралығында ашық сабақтар, тақырыптық кештер, кездесулер, сайыстар, дөңгелек үстелдер, байқаулар ұйымдастырылатын болады. Наурыз мерекесін атап өту аясында ауданда тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бағытталған қайырымдылық шаралары да үйлестіріледі. Ал, "Нұрландырған елімді нұрлы Наурыз" атты негізгі мерекелік іс-шара аудан әкімінің қатысуымен 21 наурыз күні сағат 10.00-де Тереңөзек кентіндегі орталық алаңда өтеді. Шара барысында тұрғындар үшін киіз үйлер тігіліп, көріністер қойылып, келушілер наурызкөжеден дәм татады. Түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылады және жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айтулы мереке аясында бірқатар еңбек ардагерлеріне, мекеме қызметкерлеріне аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың Құттықтау хаты беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, аудан басшысының құттықтауымен айшықталған аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің мерекелік нөмері жарыққа шығады. Іс-шаралар аудан әкімдігінің баспасөз қызметі арқылы республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет ресурстарда кеңінен ақпараттандырылатын болады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.



16 наурыз 2018 ж. 1 472 0