Ақжармалық балаларға базарлық
1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақжармадағы "Бүлдіршін" бөбекжай бала бақшасында мерекелік іс-шара өтті.
Мерекеге орай аудандық мәслихаттың депутаты, "Ақжарма-2" шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов балдырғандарға базарлық әкелді. Жыл сайын айтулы мерекені асыға күтетін балаларға бұл жолы ел ағасы керемет ойыншықтар мен тәттілер, балмұздақ пен сусындарды молынан әкелді. Сонымен қатар ерекше мультфильм кейіпкерлерінің костюмдерін сыйға тартты.
Тәрбиешілер анниматорларға айналып, балаларға ертегі кейіпкерлері ретінде қонаққа келді. Қуаныштан балбұл жайнаған жүздерін көрген шаруашылық төрағасы балаларды ортаға алып, жылы лебізін білдірді.
– Айналайын, балалар, бүгінгі мерекелерің құтты болсын. Біздің болашағымыз өздеріңсіңдер. Сендердің осындай керемет жерде, бала бақшада тәрбие алып жатқаны қуантады. Тәрбиешілер өздеріңе тақпақ, ән айтуды, би билеуді үйретеді. Өнерлі болып өсіп, мектепке барасыңдар. Сендер қуансаңдар әлем қуанады. Шаттыққа толы, бақытты күндерің ұзағынан болсын. Біздер қолымыздан келгенше көмегімізді көрсетіп, мереке сайын жүздесуге келеміз, – деді аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов.
Өз кезегінде бала бақша меңгерушісі Рабиға Баекеева ұжымның атынан алғысын айтып, шаруашылықтың жұмысына сәттілік, мол өнім тіледі.
Айту керек, Ақжармадағы "Бүлдіршін" бөбекжай бала бақшасының негізі сонау 1975 жылы қаланған. Қазір мұнда 5 топта 120 бала тәрбиеленуде.
"Ботақан", "Балбөбек", "Балдырған", "Балбұлақ", "Балдәурен" тобына біріккен бүлдіршіндерге 11 тәрбиеші, 1 әдіскер, 1 логопед, 1 психолог, 1 музыка жетекшісі мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуде.
Бибісара ЖАНӘЛІ