Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспасөз – баршаның серігі

Баспасөз – баршаның серігі

Аудан жаңалықтарының жаршысы бол­ған «Тіршілік тынысы» газетінің өткені мен бүгіні аудан халқының көз алдында. Баршаның серігі болған басылым сонау 1939 жылдан бері ақпарат таратумен айналысып келеді. Соңғы екі жылда таралым саны 853 данаға артқан газетке қазіргі таңда 2021 жылдың екінші жарты жылдығына жазылу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрақты оқырмандар жақсы біледі, баспасөзге жазылу науқаны жылына екі рет ұйымдастырылады. Биылғы науқан қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Ерекшелігі сол, екінші жартыжылдыққа арналған жазылу науқанын аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлы бастады. Ол редакцияға соғып, баспасөзге жазылу науқанына қолдау білдірді.

Қазіргі таңда аудан мекемелері мен кәсіпкерлер жергілікті газетке жазылу жөнінде көтерілген бастамаға өз үлестерін қосуда. Алдын ала әзірленген жоспарымыз бойынша бұл жолғы науқанды былтырғы жылғыдай жоғары деңгейде ұйымдастырамыз деген ойдамыз. Бүгінде аудандық газет редакциясының менеджері мен баспасөз маманы карантиндік талаптарды сақтай отырып, мекемелерді аралап, тұрғындармен кездесіп, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізуде.

Дәстүрге айналған үрдіске сәйкес еңбек ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да мекен жайына газет түбіртегін жазып беру жұмыстары ұйымдастырылуда. Қайырымдылық пен құрмет ұғымы ұштасқан бұл жұмысқа биыл аудандық мәслихаттың бөлім басшысы Гүлнаш Еспенбетова бірінші болып атсалысты. Ол екі еңбек ардагерінің мекен жайына аудандық газетті екінші жартыжылдыққа жаздыртып берді. Осындай жұмыстар жанашыр азаматтардың қолдауының негізінде алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

Тағы да бір айта кететін жайт, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы баспасөзге жазылу науқаны барысында оқырмандар үшін жаңа мүмкіндік жасауды қолға алды. Егер, сіз аудандық газетке жазылғыңыз келсе, жұмыстан немесе басқа да жағдайлардан редакцияға келуге қолыңыз тимесе, онда редакцияның баспасөз маманына хабарлассаңыз, маманның өзі түбіртек толтыру үшін мекен жайыңызға барады. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді әрі келіп-кету шығыныңызды қысқартады. Ол үшін 8-777-155-94-53, 21-5-73 нөміріне хабарласуыңыз қажет.

Біздің қызметіміз – оқырман үшін. Осы ретте, тұрақты оқырмандарға баспасөзге жазылу науқаны басталғанын хабарлай отырып, аудан тұрғындарын жергілікті газетке жазылуға шақырамыз.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
27 сәуір 2021 ж. 965 0