Қай саланың мамандарына степендия тағайындалады
Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында аймақ журналистерінің қоғамдық ой-пікір қалыптастырудағы жауапкершілігі жайлы айтылып, тілшілер өңір басшысына бірқатар ұсыныстарын жеткізді, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Ағымдағы жылы маусымда Үкіметпен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Кешенді жоспар қазіргі таңда тиісті сала мамандарымен жүзеге асырылуда. Қызылорда облысы соңғы жылдары республикада жетекші салалардың бәрінде дерлік алдыңғы орындардан көрініп келеді. Атқарылған қызметтер мен өңірдің тыныс-тіршілігін дер кезінде халыққа жеткізу БАҚ өкілдерінің негізгі миссиясы болып табылады.
Облыс әкімі заманның цифрлық даму кезеңінде жылдам әрі сапалы және шынайы ақпарат тарату қиын екенін, бірақ, соған қарамастан Сыр журналистері әрқашан кәсібиліктерін көрсетіп келе жатқандықтарын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, «Қазіргі заманда мәселенің анығына жетпей сенсация қуатын журналистер жоқ емес. Мақаланың мазмұнын емес, жеке бастың имиджін бірінші қоятындар көбейген. Қазақта «айтылған сөз – атылған оқ» деген қанатты сөз бар. Сол сияқты түпкілікті зерттелмеген шикі ақпаратты халыққа жариялаудың артында не тұрғанын Өздеріңіз сынды аға буын жастарға түсіндіріп жол көрсетіп отырғаны дұрыс деп есептеймін», - деді аймақ басшысы.
Жиын барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожа, «Qyzylorda» телеарнасының директорының міндетін атқарушы Айсұлу Қасымова, республикалық «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Райхан Тәжібаева өз пікірлерін білдірді.
Сондай-ақ, «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмаханов облыс әкімі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарынан құралған үйлестіру кеңесін құру туралы; Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі, жас журналист Балтабай Ордабеков жас журналистерді қолдау мақсатында облыс әкімінің бір жолғы степендиясын ұйымдастыру жайлы өз ұсыныстарын айтты.
Аймақ басшысы «Жастар, оның ішінде Сыр жастары қашанда белсенділігімен, тапқырлығымен, ойшылдығымен алда болуы керек. Әрине ол үшін алдындағы аға буынның қолдауы міндетті түрде қажет»,- дей келе, осы бағытта жоба әзірлеуді тиісті сала басшыларына тапсырды.
Кездесуді Қуанышбек Досмайылұлы «Біз сыннан қашпаймыз! Бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз! Ең бастысы, жарияланған материал қоғамда арандатушылық туғызбауы қажет», - деп қорытындылады.