Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда қарқынды дамыған бес өңірдің қатарында келеді

Қызылорда қарқынды дамыған бес өңірдің қатарында келеді

Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасы бойынша өңірдің 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданады. Бұл өз кезегінде мұнай өндірудің төмендеуінен экономикалық шығындардың орнын толтыруға мүмкіндік береді.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІХ сессиясында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев ағымдағы жылдың бірінші тоқсанның қорытынды мәлімдемесінде айтты.

- Өздеріңізге белгілі, аймақ үшін маңызды мәселенің бірі - ағымдағы жылдың ақпан айында біздің бастамамызбен Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Қызылорда облысының өзекті мәселелері талқыланды. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен біз 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеп, салалық министрліктермен келісудеміз, сонан соң Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілетін болады. Айта кету керек, дәл мұндай кешенді жоспар тек Нұр-Сұлтан қаласында, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ғана бар. Ал, төртінші жоспар Қызылорда облысы бойынша бекітілетін болады,-деді ол.

Үш айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы мұнай өндіру көлемін, тиісінше өнеркәсіптік өндіріс көлемін қоспағанда, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша көшбасшылар қатарынан көрініп келеді.
Жиында аймақты дамытудың алдағы жоспарларын белгіленді. Биыл Қазақстандағы алғашқы табақ шыны өндірісі іске қосылады. Шалқия қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатын, кальцийлендірілген сода шығару зауытын және басқа да перспективалы экспортқа бағдарланған өндірістерді салу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін агроөнеркәсіптік кешен саласында кемінде 10 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жылдық қуаты 1500 тонна өнім шығаратын құс фабрикасы, аумағы 2,2 гектар автоматтандырылған жылыжай кешені, 1200 мал басына арналған сүт өнімдері фермасы, күріш зауыты іске қосылмақ.
egemen.kz

22 сәуір 2019 ж. 859 0