Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл мәртебесін көтеру парыз

Тіл мәртебесін көтеру парыз

Əдеттегідей, автобусқа мінсем жан-жағым­дағылардың қимылын бағып, «кімнің аузынан қан­дай сөз шығады» екен деп бақылайтын əдетім. Себебі меніңше, автобус – ең бір қайнаған қоғамдық орын. Шаруасынан шаршап, жұмыстан қалжырап қайтқан халықтың шынайы «бет-бейнесі» көрінетін кез. Әсіресе, кешкі мезгілдегі автобус іші қарбалас болады. Сондайда тірлігі оңға баспағанына тірі жан түгел кінəлідей көрінгенге жекіп, дөрекі мінез көрсететіндер көбірек.
Жұма сайын жүретін жолыма түсіп, аязды күні аялдамада аяқтарымды бірді-біріне соққылап, сарылып, сары автобусты күттім. Не керек, 8 минут күттірген сары автобус селкілдеп жетіп те келді. Күндегідей, халық ығы-жығы... Қысқасы, біз отырған (тұрып тұрған) автобусқа бес аялдамадан соң баласын жетектеген əйел мінді. «Ақша төлеп отырамыз» деп тап-таза айтып тұрған əйел кондуктор:
– Баламен орын берейікші, – деп қалды. Ниетін түсіндік. Бірақ тілді қалай болса солай қолдануы жүйкеге тиді. Мен ызаланып үлгергенше, бір үлкен кісі:
– Əй, – деді жекіріп. – Осындай да сөз болады ма екен? «Балалы əйелге орын берейік» деп жөндеп айтсаң болмас па еді? – деп зірк етті. Үлкен кісі турасын айтты. Ашуды «ала көзбен» көрсетіп тұрған едім, əлгі кісіге сонша риза болдым.
«Қалай айтса да не айтқысы келгені түсінікті емес пе?» деген ой болуы мүмкін. Бірақ тіліміз осылай бұрмалана берсе, тазалығынан айырылып қаларымыз анық. Қазірдің өзінде тілімізде кірме сөздер көбейіп кетті. Кондуктор əйелдің ойы «әйтеуір түсінсе болды емес пе» дегендей болды-ау?! Тілін дұрыстамақ болып безектеген кісіге бет бұрып та қарамады...
Рас, əйтеуір түсіндік. Бірақ біреу солай жүйесіз сөйлесе, екіншісі тағы солай жасаса, жасампаз тіліміздің ертеңі не болады? Күнде жарияланып, жауыр болған тақырып болса да, əлгі оқиға əсер етті. Бірдің сөзі түзелсе, мыңға сабақ болмайды ма?! Тіліміздің өз заңдылықтары бар. Дұрыс, жөнді сөйлеп, бай тіліміздің байлығын пайдаланып, тілге құрмет көрсету – баршамызға міндет! Түптің түбінде ұлттық руханиятымыздың негізі тіл екеніне ешкім шүбә келтірмес.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ,
штаттан тыс тілші
11 қыркүйек 2019 ж. 722 0